Контентке өту

Венгриядан үйренген тәжірибе: қазақ жастары су саласының болашағын қалай қалыптастырып жүр?

Венгриядан үйренген тәжірибе: қазақ жастары су саласының болашағын қалай қалыптастырып жүр?

Су – XXI ғасырдағы ең маңызды стратегиялық ресурс. Климаттың өзгеруі, халық санының артуы және су көздеріне түсетін жүктеменің күшеюі көптеген мемлекеттерді жаңа шешімдер іздеуге мәжбүрлеуде. Әсіресе Орталық Азия үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды тақырыпқа айналып отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың сәуір айында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Жаңа оқу орнының алдында елімізге қажетті білікті су мамандарын даярлау, халықаралық тәжірибені енгізу және ғылым мен өндірісті ұштастыру міндеті тұр.

Құрылғанына небәрі бір жылдан асқан университет қазірдің өзінде халықаралық серіктестікті дамытудың нақты нәтижелерін көрсете бастады. Соның бір дәлелі – ондаған қазақстандық студенттің Венгрияда білім алып жатқаны.

Венгрияға жол ашқан серіктестік

Университеттің халықаралық байланыстары қысқа мерзім ішінде жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Венгрияның жетекші жоғары оқу орындары – Обуда университеті мен Корвинус университетімен әріптестік орнатылып, қос дипломды және академиялық ұтқырлық бағдарламалары іске қосылды.

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпованың айтуынша, бұл келісімдер 400 студентке дейін тегін білім алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда алғашқы 44 студент Венгрияда білім алып жатыр.

Олар тек су шаруашылығы мамандықтарын ғана емес, инженерия, цифрлық технологиялар, ақпараттық жүйелер, жасанды интеллект және деректерді басқару сияқты заманауи бағыттарды меңгеруде.

– Біздің мақсатымыз – тек диплом беретін маман емес, су саласының жаңа буынын қалыптастыру. Шетелде білім алып жатқан жастар халықаралық тәжірибені меңгеріп, елге оралған соң Қазақстандағы су шаруашылығы жүйесін жаңғыртуға үлес қосады, – дейді университет ректоры.

Су саласына жаңа буын қажет

Қазақстан бүгінде су тапшылығы қаупі жоғары елдердің қатарына кіреді. Сарапшылардың мәліметінше, еліміздің су ресурстарының шамамен 45 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасады. Бұл мәселенің күрделілігін арттыра түседі.

Осындай жағдайда су ресурстарын тиімді басқару, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу аса маңызды.
Мамандардың пікірінше, халықаралық білім алған жастар су үнемдеу технологияларын енгізу, гидротехникалық нысандарды басқару, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климат өзгерісіне бейімделу бағыттарында маңызды рөл атқара алады.

Сонымен қатар жасанды интеллект, Big Data, геоақпараттық жүйелер (GIS), спутниктік мониторинг және Smart Water технологияларының көмегімен су ресурстарын басқарудың жаңа модельдерін қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Будапешттегі студенттік өмір

Венгрияда білім алып жатқан жастар үшін тек аудиториядағы сабақ емес, жаңа ортаға бейімделу де үлкен тәжірибе мектебіне айналған.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің құрылыс мамандығы бойынша бірінші курс магистранты Данажан Әлімқұлова көктемгі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Будапешт қаласында білім алып жүр.

Оның айтуынша, шетелдік университетте оқу кәсіби дамумен қатар, мәдени және тілдік тәжірибе жинауға да мүмкіндік береді.

– Біз тұратын жатақхана университеттен шамамен бір сағаттық жерде орналасқан. Бір бөлмеде үш студент тұрамыз. Барлық жағдай жасалған. Венгриядағы университет тарапынан шәкіртақы қарастырылмағанымен, біздің университеттен төленетін шәкіртақы толық сақталады. Ең бастысы – халықаралық ортада білім алып, түрлі елдердің студенттерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар, – дейді магистрант.

Оның сөзінше, шетелдегі оқу кезеңі жастардың дүниетанымын кеңейтіп, кәсіби көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

– Бұл бағдарлама біз үшін үлкен өмірлік тәжірибе болды. Біз тек білім алып қана қоймай, ағылшын тілін жетілдірдік, жаңа мәдениеттермен таныстық, халықаралық байланыстар орнаттық. Болашақта осы тәжірибені Қазақстанның дамуына пайдалануға ниеттіміз, – дейді ол.

Болашақтың мамандары қандай болуы керек?

Қазіргі уақытта университетте тоғыз кафедра жұмыс істейді. Мұнда 31 білім беру бағдарламасы бойынша бакалаврлар, магистрлер және PhD докторлары даярланады.

Алайда сала мамандары су шаруашылығына қажетті кадрлар даярлау бағытындағы жұмыстарды одан әрі кеңейту қажет деп есептейді. Техника ғылымдарының докторы Алтай Мұсаевтың пікірінше, болашақ су мамандары тек гидрология немесе гидротехникамен шектелмеуі тиіс.

– Президенттің су университетін құру жөніндегі бастамасы өте маңызды шешім болды. Дегенмен, су саласы кешенді тәсілді талап етеді. Сондықтан «Өсімдіктану», «Жер қыртыстарын зерттеу», «Агротехника» сияқты бағыттарды да дамыту қажет. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін маман табиғи процестердің барлығын жан-жақты түсінуі керек, – дейді ғалым.

Халықаралық әріптестік жалғасады

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бүгінде қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында Венгрияның Корвинус университетінде 11 магистрант пен 4 докторант білім алып жатыр.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл өз кезегінде қазақстандық жастардың әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибе алуына жол ашпақ.

Сарапшылардың пікірінше, су тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспейтін кезеңде халықаралық тәжірибені меңгерген жаңа буын мамандары ел үшін аса қажет. Бүгін Венгрия аудиторияларында білім алып жүрген жастар ертең Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су шаруашылығы жүйесін жаңғыртуға және саланың жаңа технологиялық келбетін қалыптастыруға атсалысады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты