Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастамасымен және Білім басқармасымен бірлесіп, өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында «Құқық бұзушылықсыз – қауіпсіз жаз» тақырыбында облыстық диктант жазу шарасы өтті.
Ауқымды профилактикалық іс-шараға 8–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Диктанттың негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында «Соңғы қоңырау» мерекесі қарсаңында қоғамдық тәртіпті сақтау және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Диктант аясында оқушылар мен студенттерге заңнама талаптары, бұқаралық іс-шаралар мен жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері, жол қауіпсіздігі және балалар арасындағы жол-көлік жарақатының алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Диктант қорытындысы бойынша қатысушылар өздерінің сауаттылық деңгейін тексеріп қана қоймай, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды білім алды.
Облыстық диктантқа жалпы саны 56 464 мектеп оқушысы мен 8 018 колледж студенті қатысты.
Қазіргі таңда облыс көлемінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға бағытталған «Назар аударыңыз — балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Жамбыл облысында 64 мыңнан астам оқушы мен студент «Құқық бұзушылықсыз – қауіпсіз жаз» диктантына қатысты