2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жамбыл облысының соттарында әкімшілік істерді қарау көрсеткіші артты. Есепті кезеңде соттарға 657 талап қою келіп түсіп, оның 580-і немесе 78,7 пайызы аяқталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Сонымен қатар, қаралған әкімшілік істер бойынша 160 іс бойынша шешім қабылданып, талаптарды қанағаттандыру деңгейі 46,3 пайызды құрады.
Әкімшілік даулардың негізгі бөлігі сот орындаушыларының әрекеттеріне қатысты шағымдар, жер-құқықтық қатынастар, мемлекеттік сатып алу, тұрғын үй және өзге де даулар санатына тиесілі болды. Соттар кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытында да бірқатар шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің 23 талабы қанағаттандырылып, мемлекеттік сатып алу саласындағы 16 іс бойынша талап қоюшылардың құқықтары қорғалды. Жер даулары бойынша қаралған істердің барлығында талаптар қанағаттандырылған.
Әкімшілік істер бойынша тараптарды татуластыру тәжірибесі де оң нәтижесін көрсетуде. 2026 жылдың 6 айында татуласу көрсеткіші 9 пайызға жетіп, 49 талап қою медиация тәртібімен, 2 іс татуласу келісімі арқылы, 1 іс партисипативтік келісім жасауға байланысты аяқталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға өскен. Сонымен қатар, соттың белсенді рөлі нәтижесінде талап қоюшылардың өтініші бойынша 21 талап қою қайтарылған.
Сот төрелігінің сапасы апелляциялық және кассациялық сатылардағы көрсеткіштерден де байқалады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бірінші саты соттарының 103 шешіміне шағым берілген. Оның ішінде шешімдердің 81,4 пайызы өзгеріссіз қалдырылған. Кассациялық тәртіппен 11 шешім мен 2 ұйғарымның күші жойылып, бірқатар істер қайта қарауға жіберілген. Бұл сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылаудың күшейгенін көрсетеді.
Сонымен қатар, соттар мемлекеттік органдар мен жеке сот орындаушыларына қатысты 33 жеке ұйғарым шығарып, оның 18-інің орындалуына қол жеткізді. Әкімшілік органдардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында 735 мың теңгеден астам көлемде 7 ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылды. Бұдан бөлек, істерді жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарау тәжірибесі кеңейіп, есепті кезеңде 57 іс осы тәртіппен аяқталған. Бұл тәсіл сот процесін жеңілдетіп, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік беруде.