Контентке өту

Жамбыл облысында әлеуметтік саланың серпінді дамуы: денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде нақты нәтижелер бар

Жамбыл облысында әлеуметтік саланың серпінді дамуы: денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде нақты нәтижелер бар

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен халықтың өмір сүру сапасымен айқындалады. Медициналық көмектің қолжетімділігі, білім беру сапасы, кәсіби даму мүмкіндіктері – қоғамның тұрақтылығы мен болашағын айқындайтын негізгі факторлар. Осы тұрғыда Жамбыл облысында денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша өңір халқының саны 1 215,9 мың адамды құраған. Оның 44,3 пайызы қалаларда, 55,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.

Өңірде денсаулық сақтау көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалады. Жалпы өлім-жітім деңгейі 6,01-ге дейін төмендесе, нәресте өлімі 20,5 пайызға қысқарып, 6,55-ті құраған. Дегенмен, туу көрсеткіші 9,1 пайызға төмендеп, 18,19 деңгейінде қалып отыр.

Саладағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Қазіргі таңда облыста 15 455 медицина қызметкері еңбек етеді, оның ішінде 3 458 дәрігер бар. Алайда 74 дәрігер жетіспейді, әсіресе ауылдық жерлерде тапшылық жоғары. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджет есебінен резидентураға гранттар бөлініп келеді. 2019-2025 жылдар аралығында 179 грант беріліп, бүгінгі таңда 84 дәрігер білім алуда, ал 45 маман өңірде жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар, біліктілікті арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы 7 284 медицина қызметкері оқытудан өткен. Саланың қаржылық қамтамасыз етілуі де артып келеді: 2025 жылы денсаулық сақтау жүйесіне 155,4 млрд теңге бағытталған.

Бүгінде облыста 383 медициналық нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 23 аурухана, 25 емхана, 116 амбулатория, 58 фельдшерлік-акушерлік пункт және 151 медициналық пункт бар. Сонымен қатар, үш оңалту орталығы мен бір санаторий халыққа қызмет көрсетуде.

Инфрақұрылымды жаңарту да қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 12 нысан күрделі жөндеуден өтіп, бұл мақсатқа 1,55 млрд теңге бөлінген. Ал 2026 жылы тағы төрт нысанды жөндеу жоспарланған. Медициналық ұйымдарды жабдықтауға 6,1 млрд теңге бағытталып, заманауи томографтар, ангиографтар, рентген және УДЗ құрылғылары сатып алынған. Нәтижесінде жабдықталу деңгейі 92,32 пайызға жетті.

Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. Облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековтың айтуынша, бүгінде өңірдегі 531 білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда.

2025 жылы облыста 14 білім нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 10 жаңа мектеп пен төрт қосымша ғимарат бар. Бұл үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешуге мүмкіндік берді.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Бұл бағытқа 2,2 млрд теңге бөлініп, білім ордаларында STEM-зертханалар, робототехника және IT кабинеттері ашылды. Қазіргі таңда облыста 28 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, ал білім сапасы 65,1 пайызды құрады.

Өңір оқушыларының жетістіктері де көңіл қуантады. Соңғы бір жылда олар халықаралық және республикалық олимпиадаларда 468 медаль жеңіп алса, 113 педагог кәсіби байқаулардың жеңімпазы атанды.

Жалпы, Жамбыл облысында денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне берік негіз қалыптастырып отыр.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты