Контентке өту

Жамбыл облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жамбыл облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жамбыл облысында 2026 жылғы шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы судағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Биыл облыс әкімінің қаулысына сәйкес өңірде шомылуға рұқсат етілген 12 арнайы орын белгіленді. Ал шомылуға тыйым салынған қауіпті аумақтарда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 420 ескерту белгісі мен 62 ақпараттық баннер орнатылды.

Шомылу маусымына дайындық аясында облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен профилактикалық жұмыстардың кестесі бекітілді. Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында судағы қауіпсіздік мәселесі жан-жақты қаралып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.

1 маусымнан бастап облыс аумағында 6 стационарлық және 6 мобильді құтқару жасағы тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларында суға кету қаупіне ұшыраған екі азамат аман алып қалып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Стационарлық құтқару бекеттері Тараз қаласындағы Аса мөлтек ауданы мен Зербұлақ демалыс орнында, сондай-ақ Шу, Жанатас, Қаратау және Майтөбе елді мекендерінде орналасқан. Ал мобильді құтқару топтары Талас өзені, Теріс-Ащыбұлақ және Тасөткел су қоймалары, Андасбай көпірі, Пионер көлі мен Балқаш көлінде қызмет атқаруда.

Жыл басынан бері өңірде судағы қауіпсіздікке бағытталған 621 рейдтік және профилактикалық іс-шара өткізілді. Бұл жұмыстарға Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және жергілікті атқарушы органдардың 2443 қызметкері жұмылдырылып, оларға 1200 ерікті қолдау көрсетті.

Заң талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес 49 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 741 737 теңге айыппұл салынды.

Халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта жыл басынан бері теледидарда 60, радиода 55 түсіндіру жұмысы жүргізіліп, әлеуметтік желілерде 418 ақпараттық материал жарияланды. Сонымен қатар 10 брифинг өткізіліп, мерзімді басылымдарда 76 мақала жарық көрді.

Судағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде волонтерлік ұйымдардың жетекшілері мен үйлестірушілеріне арналған арнайы оқыту ұйымдастырылып, оған 30 тыңдаушы қатысты.

Қазіргі таңда демалыс және мереке күндері су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқарушылар мен жауапты қызметтердің қатысуымен тұрақты түрде рейдтер мен патрульдеу жұмыстары жүргізілуде.

Жауапты сала мамандары тұрғындарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әр азаматтың сақтығы мен жауапкершілігі ғана жазғы демалыстың қауіпсіз әрі жайлы өтуіне негіз болады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты