Контентке өту

Жамбыл облысында Сот төрелігінің сапасы артып келеді: 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындылары

Жамбыл облысында Сот төрелігінің сапасы артып келеді: 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындылары

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жамбыл облысының соттарында қылмыстық және әкімшілік істерді қарау көрсеткіші айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, сот төрелігінің сапасын арттыру, бірыңғай сот практикасын қалыптастыру және адам құқықтарын қорғауды күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарын нақты қамтамасыз етуге басымдық берілген. Осыған сәйкес облыс соттарының қызметі де сот төрелігінің тиімділігі мен заңдылық қағидаттарын сақтауға бағытталды.

Есепті кезеңде облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 1136 тұлғаға қатысты 1120 іс пен материалды қарап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен үштен бірге көп жұмыс атқарды. Сонымен қатар облыс соттарына 1045 тұлғаға қатысты 850 қылмыстық іс келіп түссе, оның 719 ісі бойынша үкім шығарылып, 835 адамға қатысты сот шешімі қабылданды.

Жыл басынан бері 17 адам ақталды. Жеке айыптау істерін есептемегенде, ақталғандардың басым бөлігі орташа ауырлықтағы және ауыр қылмыстар бойынша тіркелген.

Статистикаға сәйкес, сотталған 835 адамның 374-і немесе 44,8 пайызы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Мұндай жағдайдың негізгі себебі – адам өліміне немесе ауыр зардаптарға әкелген жол-көлік оқиғалары мен заңнамадағы өзгерістер нәтижесінде кейбір қылмыстардың ауырлық санатының өзгеруімен байланысты.

Сот тәжірибесін біріздендіру мақсатында облыстық сот бірнеше маңызды бағыт бойынша талдау жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылықтар туралы істерді қарау, қоғамдық жұмыстар түріндегі әкімшілік жазаны қолдану, сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша айыппұлдардың орындалуы, қылмыстық істерді прокурорға қайтару тәжірибесі, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және сот актілерінің сапасы сараланды. Ал 2026 жылдың екінші жартыжылдығында ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза тағайындау тәжірибесі мен ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік істерді қарау тәжірибесіне арнайы талдау жүргізу жоспарланып отыр.

Сот төрелігінің сапасы да оң көрсеткіштерге ие. Апелляциялық тәртіппен 419 тұлғаға қатысты 359 қылмыстық іс қаралса, кассациялық тәртіппен облыстық сот актілерінің небәрі 0,7 пайызының күші жойылып, 0,6 пайызы ғана өзгертілген. Бұл сот шешімдерінің тұрақтылығының жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
 

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты