Жамбыл облысында тұрғындар полицияның 102-ге бұрынғыдан да жиі хабарласып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Жедел басқару орталығы мен аумақтық кезекші бөлімдерге 50 мыңнан астам түрлі сипаттағы хабарлама түскен, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ең көп хабарлама Тараз қаласынан тіркелген. Мұнда тұрғындар 35 813 рет полиция көмегіне жүгінген. Ал Қордай ауданынан – 2 660, Байзақ ауданынан – 1 996 хабарлама келіп түскен.
Полиция мәліметінше, барлық өтініштер заң талаптарына сәйкес тіркеліп, оқиға орнына тиісті нарядтар уақытылы жіберілген. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 1645 қылмыс «ізін суытпай» ашылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 377 қылмысқа көп.
Қазір облыс бойынша қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға 2413 бейнебақылау камерасы қосылған. Камералар қоғамдық орындарда, көшелерде және халық көп жиналатын аумақтарда тәулік бойы жұмыс істейді.
Бейнебақылау жүйесінің көмегімен алты айда 19 460 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның басым бөлігі жол қозғалысы ережесін бұзуға қатысты. Сонымен қатар камералар күдіктілердің қозғалысын анықтап, қылмыстарды ашуға дәлелдеме жинауда да маңызды рөл атқарып отыр.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бүгінде Жедел басқару орталығының басты мақсаты – тұрғындардың хабарламасына жедел әрекет ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану.