Соңғы жылдары Жуалы ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Бұл бастамалар ауданның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын көтеруге де оң әсерін тигізді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
1. «Көксай Resort»-қа апаратын жаңа жол салынды
Жуалы ауданындағы туристік маңызы жоғары «Көксай Resort» демалыс аймағына дейінгі ұзындығы 19,5 шақырым автожолдың құрылысы толық аяқталды. Жаңа жол туристер үшін қолжетімділікті арттырып, өңірдегі туризм саласының дамуына жаңа серпін берді.
2. «Күйік» асуы қайта жаңғыртылды
Ұзындығы 12,3 шақырым болатын «Күйік» асуына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдағы көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, жол сапасы айтарлықтай жақсарды.
3. Қайрат ауылында көкпар алаңы ашылды
Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылында ұлттық спортты дамыту мақсатында жаңа көкпар алаңы салынды. Бұл нысан жастардың ұлттық ойындарға қызығушылығын арттырып, қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
4. Жуалы ауданы 100 пайыз ауызсумен қамтылды
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның барлық 49 елді мекені сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Соның ішінде Күреңбел ауылдық округінде 42,7 шақырым су құбыры тартылып, 394 аула мен 2025 тұрғын таза ауызсуға қол жеткізді.
5. Жуалы ауданы толық табиғи газбен қамтылды
Аудандағы барлық 49 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылды. Соңғы жылдары жүзеге асқан газдандыру жобаларының нәтижесінде мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасы жақсарып, әлеуметтік жағдайы жаңа деңгейге көтерілді.
Аталған жобалар Жуалы ауданында халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан маңызды бастамалардың қатарында.