Жаңалықтар
«Ол намыстанып асылып қалған»: Адвокат Пірәлиев сарбаз өлімі жайлы тағы тың деректі айтты
- author BAQ-Orda
- 24 қаңтар, 2023
- 75
«Ол намыстанып асылып қалған»: Адвокат Пірәлиев сарбаз өлімі жайлы тағы тың деректі айтты
Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, былтыр жазда өз-өзіне қол салған 18 жастағы Бекбол Мираштың ісі жаңаша тергелуі мүмкін. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісіне сотталушы сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлев айтып берді.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 19 тамызында ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. Күдікті Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев таяуда журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жария еткен. Оның айтуынша, сот кезінде сараптама тағайындалған.
«Оның қорытындысы мені, яғни жігіттің адвокатын ғана емес, бүкіл жұртты есінен тандыра жаздады: биологиялық сараптама жігіттің ауыз қуысы мен іш киімінен, футболкасынан екі және одан да көп ер адамға тиесілі шәует (сперма) ізі табылғанын анықтады», - деді адвокат.Адвокаттың бұл мәлімдемесі жұрттың жағасын ұстатты. Ал кеше кешке Ішкі істер министрлігі «Пірәлиев өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпаратты айтып, қылмыстық істің деректерін жария еткенін» сынға алды.
«ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды», - делінген ІІМ хабарламасында.Ulysmedia.kz порталының тілшісі осы ретте істегі сотталушының Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиевке бірнеше сұрақ қойды. – Сержан мырза, күні кеше Ішкі істер министрлігі «қызметтік этика нормаларын бұзғаныңыз» туралы ақпарат жариялады. Әділет министрлігі сіздің үстіңізден қызметтік тергеу жүргізетіні белгілі болды. Сізді осы істен шеттеткелі отыр ма? – Жоқ, мені істен шеттете алмайды. Құқықтары жоқ. Этиканы бұзды деп отыр. Мен бүгін республикалық адвокаттар алқасына арыз жаздым. Сонда адвокаттар комиссиясы бар. Этиканы бұздым ба, жоқ па – олар шешім шығаруы керек. Әділет министрлігі де жауап береді. Шын мәнінде, мен ешқандай заңды бұзған жоқпын. Ешкімнің аты-жөнін атаған жоқпын. Іс-материалдардың құжатын көрсеткен емеспін. Мен іс бойынша пікірімді айттым. Мен айтқан мәліметтің бәрі ақиқат! Сот сараптамалары бар. Қарап көрсеңіз, қылмыстық-процессуалдық кодекстің 70-бабы 1-тармағында қорғаушының міндеті айқын жазылған. Ол – менің міндетім. Өз қорғауымдағы азаматқа тағылған айыпты жоққа шығаруым керек. Сол бапты негізге алып, баспасөз мәслихатына шықтым. Себебі неде? Мен тергеу органдарына нақты айыптыларды тапсын деп отырмын. Басқа адамдар бар. Неліктен солар таппайды? Неге олардан жауап алмайды. – Яғни сарбаздың аузы мен киімінен шәует табылғаны сот құжаттарына енгізілген материалдармен дәлелденіп тұр ғой? – Дәлелденіп тұр. Ақ бетке қара жазумен жазылған. Мен емес, сот сарапшылары сондай қорытынды жасады. Сот сарапшылары «...және одан басқа екі адамның ДНК-сы бар» деп жазады. Іш киімінде, футболкасында деп отыр. Оларды неге таппайды? Ол жерде сексуалдық зомбылық анықталған жоқ дейді. Ал сонда ауыз қуысында, киімінде табылғанды қалай санауға болады? Олардың бір қорытындысында «артқы жағы таза» деп жазылылады да, тергеу оны «ешкім зорлаған жоқ» деген тоқтамға келеді. Бақилық болған сарбаздың шұлғауы мен бәтеңкесі, бас киімі ғана таза. Басқасының бәрінде шәует ізі бар. – Яғни сіздің ойыңызша бұл қылмыста негізгі айыптылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған ба? Іс жаңа бағытта жаңа баптар бойынша қозғалуы керек деп есептейсіз бе? – Әрине. Айыпты басқа адамдар болуы керек. Менің қорғауымдағы Айбек Нұртаев – сол сарбаздардың командирі. Ол 20 жылдан бері қызметте. Арақ ішпейді, темекі шекпейді. Төрт баласы бар. Бұларға сарбаздар күзде бір, көктемде бір келеді. Призывтар ауысып тұрады. Сонда 20 жылдың ішінде Нұртаев оңбаған болса, баяғыда отырғызып қояр еді ғой. Біреуден ақша сұрап, біреуді қорқытып, үркітсе баяғыда сотталып кетер еді. 20 жыл таза қызмет еткен. Өлген баланы ол бар-жоғы төрт-ақ күн көрген. Сарбаздар Нұртаев қызмет етіп жүрген жерге маусым айының аяғында келген. Шілдеде Нұртаев кезекті демалысында болған. Жұмысына тамыздың ортасында бір-ақ шыққан. Тамыздың 16-нан бастап бар-жоғы 3-4 күн көрген. Болды. Бұлар (сарбаздар) 16-17 тамызда отырып шекара бөлімшесінің ішінде арақ ішкен. Түнімен ішкен ғой. Оның бәрін өздері тергеуде жазып отыр. Ақпарат тағы менен емес. Ең әуелі қандай нұсқа болғанын білесіздер. Жанындағы жолдастары «жүріп жүрген қызымен ұрсысып қалған» деген әңгімені таратқан. Көп өтпей ауылдағы қызы ол ақпаратты жоққа шығарды. Екінші күні алады да жолдастары «біз арақ ішкенбіз, оны біліп қойған сержант Нұртаев бізді «алқаштар, малсыңдар» деп атады, содан барды да әлгі сарбаз көңіл-күйі болмай асылып қалды» деген нұсқаны өткізбек болады. 24 қыркүйек күні алғашқы биосараптама шықты. Іздеді. Нұртаевтыкі болмай шықты. «Іздеңдер» дедік. Жанындағы досы «моншаға барып, өз-өзімді қанағаттандырдым да, бір футболкаға сүртіп кетіп қалдым» деп жауап беріпті. Бұған адам сене ме? Ал тергеу сенеді. – Сонда сіз қайтыс болған жігіттің жанындағы сарбаздардан күдіктенесіз бе? – Олар қазір куәгерлер. – Олар мерзімді әскери қызметін аяқтап кеткен бе? – Олар сол жерде. Тергеу басқармасы 10 адамды басқа әскери бөлімге өткізіп, сол жерде ұстап отыр. Болды. – Қызметтік тергеу жүргізілетіні жөнінде ақпарат тарағаннан кейін әріптестеріңіз, адвокаттар сізге қолдауға білдіріп жатыр. Адвокат Абзал Құспан әлеуметтік желіде «ең әділетсіз сот – әскери сот» деп жазды. Әділдікке жете аламын деп ойлайсыз ба? – Бүкіл халық іске назар аударып отыр. Әділетті – Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Егер сот әділ болса, оң көзімен қараса, әділетті шешім шығаруы керек. Мен оған сенімдімін. Іс халықтың назарында болғанда басқаша болады. – Сіз жасаған мәлімдемені естіп, бүкіл ел жағасын ұстап отыр. Қайтыс болған сарбаздың ата-анасына бұл ауыр тиеді деп ойламадыңыз ба? – Әкесімен сөйлестім. Тергеу органдары оларды алдаған. Қарапайым ауылдың адамдары. Әкесі 1976 жылғы жігіт екен. Ненің не болып жатқанын қатты білмейді. Адвокаты да, ата-анасы да «баланы ұрып соққан, содан ол өзіне қол жұмсаған» дегенге сеніп жүр. Егер мен аузымды жауып, тып-тыныш отырсам, бұлар (тергеу органдары) әскери сотқа апарады да, Нұртаевты 8 жылға соттап жібереді. Шекарада не болып жатқанын білсін ел. Бардак қой бұл. Мәселені мен көтермесем, кім көтереді? Өкінбеймін. Бұл жерде сарбаздардың арасында бірдеңе болған. 10 адам – сарбаздар бәрін біледі. Біліп отыр. Тергеу органдары соны біліп, анықтап, нақтылап білгісі келмейді. Керекті нұсқасын алып, сонымен жүр. – Басын қатырғысы келмейді дегеніңіз ғой... – Иә. Мына істе соткасын тастап қашып келген оның (Мираш Бекболдың) доссымағы бар. Біреудің телефонын жұлып алған да барып сындырып жоқ қылып жіберген. Сол баладан тергеушілер жауап алмай қойған. Одан тергеушілер «сен оның асылғанын көрдің бе?» деп сұраған. Ол болса «жоқ» деген. «Ендеше, бар жоғал» деген, бітті. Меніңше, сол телефонда бұлар бірдеңе түсірген. Соны бұған (Мирашқа) көрсеткен. Соны бұл көріп, намыстанған да асылып қалған болуы мүмкін. Өз белбеуімен емес, басқа біреудің белбеуімен. «Спасибо за минет» деп жазған адам «бұл әзіл болған» деп ақталады. Ал енді кейінгі сараптама нені көрсетеді? Бұл әзіл емес. Бірдеңе болған...