БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жамбыл облысында бу-газ электр станциясының құрылысы басталды

Жамбыл облысында бу-газ электр станциясының құрылысы басталды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясының капсула салу рәсіміне қатысты.

Салтанатты шараға «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» атты республикалық баспасөз турына келген журналистер де жиналды.

– Электр энергиясы – экономиканың да, қоғамның да тұрақты дамуының негізгі тірегі. Өндірістің артуы, инфрақұрылымның кеңеюі, жаңа кәсіпорындардың ашылуы – мұның барлығы сапалы әрі үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Бүгін іске асырылғалы отырған қуаты 50 МВт бу-газ электр станциясы – жай ғана жаңа өндіріс емес. Бұл – тиімділігі жоғары, экологиялық тұрғыдан таза технологияларды енгізу арқылы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтетін маңызды жоба.
Жобаны жүзеге асырып отырған инвесторларға алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Аталған жоба Жамбыл ауданына қарасты Әулиекөл ауылында «GES Мырзатай» ЖШС бастамасымен жүзеге асырылуда. Инвестицияның жалпы көлемі – 60 млн АҚШ доллары. Жоспар бойынша жоба екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясы салынады, ал екінші кезеңде оның қуаты 150 МВт-қа дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде станцияның жалпы қуаттылығы 200 МВт-қа жетеді.

Жоба жетекшісі Хоу Чуаньцюньнің айтуынша, инвестициялық бастама аясында жер телімін рәсімдеу, инженерлік іздестіру, жобалау және тиісті келісу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді.

Қазіргі таңда 7 гектар жер бөлінді. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым таңдалды. Гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіліп, 185 метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланды. Сондай-ақ газбен жабдықтау бойынша тиісті техникалық шарттар алынды.

Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам тартылады, бу-газ электр станциясы толық қуатына шыққанда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.

Айта кетейік, Жамбыл облысында жалпы қуаты 1721,3 МВт болатын 24 энергетикалық нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде ең ірісі – қуаты 1107 МВт болатын «Жамбыл ГРЭС» кәсіпорны.

2025 жылдың 10 айында өңірде 3,6 млрд кВтсағ электр энергиясы өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артып отыр.

Admin
Автор

Admin

Admin

Ұқсас жаңалықтар