Желіде қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мәдина Ералиева-ның жеке күнделігінен үзінді тарады. Жазбаны қолданушы Әсет Ақмолда жариялап, онда әншінің өміріндегі ең жақын жандарға деген алаңдаушылығы мен ішкі күйзелісі ашық көрініс тапқан, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Күнделік жазбасында өнер иесі жалғыз ұлы Арсен туралы тебірене айтып, оның әкесі – белгілі режиссер Болат Атабаев екенін атап өтеді. Екі өнер адамының тағдыры бір кезеңде тоғысқанымен, кейін түрлі себептермен екі жаққа кеткені де жазбада шынайы баяндалады.
Әнші гастрольдік сапарлармен жиі жүріп, ұлына жеткілікті уақыт бөле алмағанын жасырмайды. Осы ретте бауыры Сағираның үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өткен. Баласының тәрбиесіне алаңдап, кейде өз-өзін кінәлі сезінгенін де ашық жеткізеді.
Соған қарамастан, Арсеннің есейіп, жоғары оқу орнына грантпен түскені ана жүрегіне жұбаныш болған. Әнші ұлын шетелде оқыту мүмкіндігі бола тұра, оның туған елде білім алғанын жөн көргенін айтады. Бұл шешімді ол ұлттық тәрбие мен құндылықтарға деген көзқарасымен байланыстырады.
Жазбада тұрмыстық өмірінен де сыр шертеді. Ұлының өз автокөлігі бар екенін, ал өзі жол талғамайтын көлік жүргізетінін айтады. Сонымен қатар, кезінде Мұстафа Өзтүрік сыйлық жасады деген қауесеттердің шындыққа жанаспайтынын нақтылаған.
Соңғы жылдары денсаулық мәселелері мазалағанын жазған әнші ұлының саулығына ерекше алаңдаған. Тіпті, ем іздеп, Арыстанбаб кесенесі-не бірнеше рет зиярат еткенін де еске алады.
Күнделік жолдарынан оның ішкі күйзелісі де байқалады. Өзін кейде «алтын торға қамалған құстай» сезінетінін, шаршаған сәттерде табиғатқа барып, жанын тыныштандыратынын жазған.
Айта кетейік, Мәдина Ералиева 2000 жылдың 27 қарашасында жол апатынан көз жұмған. Алайда оның өнері мен шынайы болмысы халық жадында мәңгі сақталып қалды.