Жаңалықтар

Шымкентте әйел адамды пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

Шымкент қаласында қайғылы оқиға орын алды. Кеше түскі уақытта ер адам әйел адамға пышақ жарақатын салып, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Куәгерлер бірден полиция қызметкерлерін шақырған.

Оқиғадан кейін шамамен жарты сағат ішінде күдікті Қонаев даңғылы мен Терешкова көшесінің қиылысында байқалған. Тәртіп сақшылары оны ұстауға әрекет жасаған кезде ер адам қарсылық көрсеткен.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған. Күдікті жараланып, медициналық мекемеге жеткізілді. Кейін ол қамауға алынды.

Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, ер адам жәбірленушіге жеке келіспеушілік салдарынан пышақ жарақатын салған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары адам өлтіру оқиғасының барлық мән-жайын анықтауға кірісті.