Атырау облысында төрт адамның өліміне байланысты қозғалған резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша сот отырысында жаңа бейнематериалдар зерттелді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сот барысында ұсынылған жазбалардың бірінде сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевадан жауап алынған сәт көрсетілген.
Сотта жарияланған мәліметтерге сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева психоневрологиялық диспансердің ақпараттық жүйесінде есепте тұрған. Қазіргі уақытта ол психиатриялық мекемеде ем қабылдап жатыр.
Бейнежазбада әйел өзінің өмірбаяны, отбасы жағдайы және денсаулығына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берген. Оның айтуынша, соңғы баласын дүниеге әкелгеннен кейін денсаулығында қиындықтар туындаған.
«Мен басымды тексертіп, ем алдым. Түркияда күйеуім уақытша жұмыс істеді. Біз қонақүйде тұрдық. Мен көбіне ұйықтап жаттым. Телефоным болған жоқ, оны Сұлтан алып алған. Полиция мені және күйеуімді не үшін ұстағанын білмеймін», – деген ол жауап алу барысында.
Сотта көрсетілген бейнематериалдарға қарағанда, Мұқанғалиева кейбір сұрақтарға нақты жауап бере алмаған. Сонымен қатар жауап алу кезінде шаршағанын айтып, жекелеген сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.
Іс материалдарына сәйкес, кейін оған арнайы медициналық ем қабылдау ұсынылған.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Тараптардың ұстанымы мен іс бойынша өзге де дәлелдер алдағы сот отырыстарында қаралатын болады.