Жақында бостандыққа шыққан вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев түрмеде өткізген күндері, отбасына деген сағынышы және еркіндікке шыққаннан кейінгі өмірі туралы алғаш рет ашық әңгімеледі, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол «Отец» подкастында ең қиын кезеңдерде жұбайы Дана Төребаеваның өзіне үлкен қолдау көрсеткенін айтты.
Блогердің сөзінше, жұбайы әр кездесуге көтеріңкі көңіл күймен келіп, кітаптар әкеліп, үнемі жігерлендіріп отырған.
«Түрменің терезесінен сыртқа қарап отырып, өмірдің сенсіз жалғасып жатқанын сезесің. Жаңбыр жауып, адамдар тіршілігін жасап жатады. Сол кезде терең ойға батасың», – деді Мейіржан.
Оның айтуынша, жұбайы балаларын түрмеге апармаған. Мұндай ауыр жағдайды олардың көрмегенін дұрыс санаған. Соған қарамастан балалары әкесіне хат жазып, оларды Дана арқылы жеткізіп отырған.
«Дана әр келген сайын балаларымның хаттарын алып келетін. Мен оларды қабырғаға іліп қоятынмын. Сол хаттар арқылы үйдің жылуын сезінгендей болатынмын. Балалар бәрін әлеуметтік желіден көріп отырды. Хаттарын оқыған сайын өзімді кінәлі сезінетінмін», – деп еске алды блогер.
Мейіржан Төребаев бұл сынақтың өз өміріне үлкен сабақ болғанын айтты. Оның сөзінше, бұрын мән бермеген қарапайым дүниелердің қадірін дәл сол кезде түсінген.
Сондай-ақ ол жұбайының сабыры мен қайсарлығына тәнті болғанын жасырмады.
«Әйелімнің мықтылығына таңғалатынмын. Өз жұмысын қатар алып жүріп, маған келуге уақыт табатын. Балаларға да, анама да қамқор болды. Жар таңдаудан жолым болды деп ойлаймын», – деді ол.
Блогер түрмеде отбасы құндылықтары туралы кітаптар оқығанын және жақындарыңнан алыста жүргенде әр сәттің бағасы арта түсетінін жеткізді.
Мейіржан Төребаев бостандыққа шыққаннан кейін де бірден қалыпты өмірге бейімделе алмағанын айтып, бұл кезеңнің психологиялық тұрғыдан оңай болмағанын мойындады.