Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүктеген міндеттер аясында 2023-2025 жылдары елімізде білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды. Бұл бастама қысқа уақыт ішінде елдің білім инфрақұрылымына тың серпін беріп, ең өзекті мәселелердің бірқатарын жүйелі түрде шешуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жобаның басты мақсаты – баланың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы әрі қолжетімді білім алуына тең мүмкіндік қалыптастыру. Осы ұстаным нақты нәтижелермен бекіді. Үш жылдың ішінде халықаралық талаптарға сай жаңа форматтағы мектептерде 460 мың оқушыға арналған орын құрылды. Жалпы саны 217 мектеп бой көтеріп, оның 105-і 2024 жылы, ал 112-сі 2025 жылы пайдалануға берілді.
Бұл көрсеткіштердің артында шешімін тапқан күрделі мәселелер тұр. Атап айтқанда, 52 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі түбегейлі жойылды. Сонымен қатар, 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы толық шешімін тапты. Бұрынғы жылдары қалыптасқан орын жетіспеушілігі мен оқыту сапасына әсер еткен факторлар осылайша кезең-кезеңімен еңсерілді.
Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – мектептердің орналасқан жеріне қарамастан бірыңғай стандартпен салынуы. Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайту – негізгі басымдықтардың бірі болды. Соның нәтижесінде жаңа білім ошақтарының 40 пайызы ауылдық елді мекендерде бой көтерді. Бұл ауыл балаларының да заманауи талаптарға сай білім алуына жол ашты.
Қазіргі таңда 183 мектепте оқу процесі толық жолға қойылған. Бұл білім ордаларында 218 мыңға жуық оқушы білім алып, 17 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Яғни, жаңа мектептер тек ғимарат қана емес, білім беру жүйесінің мазмұнын жаңартуға бағытталған кешенді алаңға айналды.
Жобаның басқару тетігі де жаңаша сипат алды. Бірыңғай орталықтандырылған басқару моделі енгізіліп, 900-ден астам басшыдан тұратын басқару корпусы қалыптастырылды. Сонымен қатар, Академия құрылымында ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығы жұмыс істеп, оқу-тәрбие процесін мазмұндық тұрғыдан жетілдіруге, цифрландыруды үйлестіруге, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз етуге және білім сапасын жүйелі түрде бақылауға бағытталған жұмыстарды атқаруда.
Жоба аясында кадрлық әлеуетті күшейтуге де басымдық берілді. Еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылған оқыту семинарларына 1600-ге жуық педагог қатысып, «Келешек мектептері» жүйесінде жұмыс істейтін басшылар мен ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсету ісі жолға қойылды.
Үш жылдық кезең көрсеткендей, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді шешудің нақты құралына айналды. Жаңа мектептер – бұл тек жаңа ғимараттар емес, бұл – жаңа мүмкіндік, жаңа сапа және болашаққа жасалған берік инвестиция.