Әлеуметтік желіде продюсер Баян Алагөзоваға сыйланған жейде жаңа пікірталас тудырды. Дауға себеп болған киімде «Моля, не нервируй меня» деген жазу болған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Видеода Баян Алагөзоваға аталған жазуы бар жейденің табысталғаны көрінеді. Кадрлар KeshYOU тобының 20 жылдық мерейтойлық концертінен кейін түсірілгені айтылып жатыр.
Оқиғаға байланысты Threads пен Instagram желілерінде түрлі пікірлер жарияланды. Кейбір қолданушылар бұл жазуды әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты соңғы уақытта өршіп тұрған даумен байланыстырып, оны астарлы әжуа деп қабылдаған.
Желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай әрекеттерді буллинг пен кибербуллингтің көрінісі деп бағалап, өнер адамдары арасындағы кикілжіңнің тым ұзап кеткенін жазуда.
«Қазақтың қызы Мөлдір домбырасын алып, қазақ әнін айтып, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген жанды неге қорғамайсыңдар?» деген сарындағы жазбалар әлеуметтік желіде кең тарады.
Сонымен қатар аталған видеоға қатысты пікір білдірушілердің тағы бір тобы бұл жағдайды әзіл ретінде қабылдап, қоғамда орын алған пікірталастың шамадан тыс ушыққанын айтуда.
Еске салайық, соңғы күндері Баян Алагөзова мен Мөлдір Әуелбековаға қатысты тақырып әлеуметтік желілерде қызу талқыланып келеді. Бұған дейін «Ұстазым» сөзіне қатысты әзілдер мен түрлі жарияланымдар қоғамның назарын аударған болатын.
Қазіргі уақытта аталған видео мен жейдеге қатысты пікірлер екіге жарылған. Бір тарап мұны қарапайым әзіл деп санаса, екінші тарап әншіге бағытталған кезекті астарлы мазақ ретінде бағалап отыр.