Контентке өту

Президент: Дәрігерлерге күш көрсеткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Президент: Дәрігерлерге күш көрсеткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады
ашық дерек

Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарының мәртебесін арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің айтуынша, бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман еңбек етеді. Сондықтан дәрігерлердің құқықтарын қорғау мен кәсіби беделін нығайту мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты шаралар қабылданғанын атап өтті.

«Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселе бойынша былтыр кәсіби мереке қарсаңында арнайы тоқталған болатынмын. Соның нәтижесінде биыл медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл шешім қоғамда заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін айтты.

«Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен еңбегін қорғау мемлекет назарындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала беретінін жеткізді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты