Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, мемлекет медицина жүйесін дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді және бұл бағыттағы реформалар нақты нәтижесін беруде.
«Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға азайды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Оның мәліметінше, соңғы жеті жыл ішінде елімізде 1300-ге жуық медициналық нысан салынған.
Сондай-ақ Президент медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтып, бұл саланың заман талабына сай жаңғыртылғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту азаматтардың өмір сапасын арттыруға және ұлт саулығын нығайтуға бағытталған маңызды міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті.