Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Құрылтайдың технологиялық прогрестің жетекші факторына айналуы қажет екенін айтты.
Президенттің айтуынша, Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемдегі үздік 25 елдің қатарына енген. Ендігі міндет – толыққанды e-Parliament жүйесін қалыптастырып, заң шығару үдерісіне цифрлық технологияларды кеңінен енгізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланатын депутаттар заң жобаларын әзірлеуде болжамды сараптамаға, Үлкен деректерді пайдалану арқылы қабылданатын шешімдердің экономикалық және әлеуметтік салдарын алдын ала бағалауға ерекше назар аударуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ маңызды заң жобаларын сарапшылармен және қоғам белсенділерімен бірге цифрлық платформалар арқылы талқылау заң шығару ісінің ашықтығын арттыратынын жеткізді.
Президенттің сөзінше, Құрылтай қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді талқылайтын ашық диалог алаңы ретінде жұмыс істеп, азаматтардың ұсыныстары нақты нормативтік-құқықтық шешімдер қабылдау кезінде ескерілуі тиіс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құру туралы бастамасын жариялады. Бұл құрылым мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерін біріктіреді.
Президент бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген бірқатар қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтетінін айтты. Оның пікірінше, құрылымның форматы өзгергенімен, елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесі Қазақстан тарихында алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы болатынын атап өтті. Сондай-ақ бұрын әртүрлі құрылымдарға бөлініп келген қоғамдық институттар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие жоғары консультативтік орган аясында бірігетінін жеткізді.
Президент соңғы жылдары жүргізілген реформалардың нәтижесінде азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі кеңейгенін айтты. Оның сөзінше, 2022 жылдан бері ел үшін маңызды мәселелер бойынша үш жалпыұлттық референдум өткізілді.
Мемлекет басшысы реформалардың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру және өңірлердегі өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті. Бұл міндеттерді орындау үшін Үкімет, заң шығарушы орган және бүкіл қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін айтты.