Қытай билігі әлемдік мұхиттарда ауқымды зерттеу жұмыстарын бастап, су асты кеңістігін жан-жақты картаға түсіруге кірісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аталған бағдарлама Тынық, Үнді және Солтүстік Мұзды мұхиттарын қамтиды. Жоба аясында ондаған ғылыми-зерттеу кемелері жұмылдырылып, мұхит түбінің географиясы, су асты бедері мен табиғи ресурстар туралы деректер жиналуда.
Ресми мәліметтерге сәйкес, зерттеулердің негізгі мақсаты – балық шаруашылығын дамыту, пайдалы қазбаларды барлау және экологиялық мониторинг жүргізу. Алайда сарапшылар бұл бастаманың тек азаматтық мақсаттармен шектелмейтінін алға тартады.
Мамандардың пікірінше, жиналған деректер әскери стратегия үшін де аса маңызды. Әсіресе, су асты кеңістігін толық зерттеу болашақта әскери-теңіз операцияларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай ақпарат ықтимал қақтығыс жағдайында, соның ішінде АҚШ пен оның одақтастарымен текетірес туындаған жағдайда шешуші рөл атқаруы мүмкін. Өйткені су асты инфрақұрылымы, теңіз түбінің рельефі мен стратегиялық нүктелер туралы нақты мәліметтер әскери жоспарлауда басты факторлардың бірі саналады.
Осылайша, Қытайдың мұхиттарды зерттеу бағдарламасы ғылыми бастама ретінде ұсынылғанымен, оның астарында геосаяси және әскери мүдделер де жатқанын жоққа шығаруға болмайды.