32 жыл бұрын өзіне жасалған топтық зорлық туралы ашық айтып, қоғамда үлкен резонанс тудырған Наташа Қалымбетова қыздарды кінәлау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол бұл туралы подкаст барысында айтып, қандай жағдай болмасын жауапкершілікті көбіне қыздардың мойнына арту қоғамда қалыпты құбылысқа айналып кеткенін жеткізді.
Наташаның айтуынша, қыз балаларға қойылатын талаптар мен шектеулер көп болғанымен, ұл балалардың тәрбиесіне де дәл сондай жауапкершілікпен қарау қажет.
«Қыздарға көп нәрсе үшін "сен кінәлісің" дейді. Ал ең алдымен қыздарды емес, жігіттерді тәрбиелеу керек. Әйелдерді кінәлау стереотипі тоқтауы тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ ол қазақ қоғамында жиі айтылатын «қырық үйден тыйым» қағидасы тек қыздарға ғана емес, ұлдарға да бірдей қолданылуы керек деген пікірін білдірді.
Қалымбетованың сөзінше, әйелдерді кінәлау мен жауапкершілікті олардың мойнына арта беру көптеген әлеуметтік мәселелердің ушығуына себеп болып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Наташа Қалымбетова 17 жасында өзіне жасалған ауыр қылмыс туралы алғаш рет ашық айтып, көпшіліктің қолдауына ие болған еді. Оның оқиғасы қоғамда қыздардың қауіпсіздігі, жыныстық зорлық-зомбылық және құрбандарға деген көзқарас мәселесін қайта көтерді.