Танымал блогер Рысбала Икрамбай әлеуметтік желіде жеке өміріндегі қиын кезең туралы айтып, оқырмандарымен бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол соңғы уақытта көңіл күйінің тұрақсыз екенін жасырмай, бұған баласының денсаулығына қатысты жағдай себеп болғанын жеткізді. Блогердің айтуынша, бұл кезең оған ана ретінде оңай соқпаған.
Рысбала Икрамбайдың сөзінше, оның бір баласына бұрын «ЗПР» диагнозы қойылған. Ал жуырда төртінші баласы Расулдың да есімін атап шақырғанда назар аудармайтынын байқаған.
— «Соңғы кезде бір күліп, бір жылап жүргенімді байқап жатқан шығарсыздар. Бұл мен үшін оңай емес. Бір баламда “ЗПР” диагнозы бар екенін білесіздер. Енді кішкентайым Расул атымен шақырсақ, қарамайды, назар салмайды. Бұрынғы тәжірибеміз бар, бірден дәрігерге бардық. Дәрігердің бір ауыз сөзінен кейін көз жасымды ұстай алмадым», — деді блогер.
Оның айтуынша, қазіргі таңда баласының денсаулығын толық тексертіп, қажетті ем-дом алу үшін бар күшін салып жатыр. Бұл жағдайдың оған ана ретінде ауыр тиіп жатқанын да жасырмады.
Желі қолданушылары блогерге қолдау білдіріп, жылы сөздерін жаудырып жатыр. Көпшілік оған сабыр мен күш-қуат тілеп, баласының сауығып кетуін тілеген.