Контентке өту

Таза әрі көрікті Тараз – ортақ жауапкершілік

Таза әрі көрікті Тараз – ортақ жауапкершілік

Тараздың тазалығы, көркі мен тұрғындарға қолайлы болуы – қала әкімдігінің ғана емес, мұнда қызмет атқаратын кәсіпкерлердің, ұйымдар мен коммуналдық кәсіпорындардың да ортақ жауапкершілігі. Қаланың әрбір көшесі мен қоғамдық кеңістігінің жинақы болуы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

Бұл бағыттағы талаптар Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітілген Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларымен реттеледі. Жаңа Үлгілік қағидалар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіліп, бұған дейінгі абаттандыру қағидаларының орнына келді.

Талаптар кімдерге қатысты?

Жаңа талаптар құқықтық мәртебесі мен шаруашылық қызметінің нысанына қарамастан барлық заңды және жеке тұлғаларға, сондай-ақ аула және қоғамдық аумақтарды абаттандыруға жауапты лауазымды адамдарға қатысты.

Осыған байланысты сауда орындары, қоғамдық тамақтану нысандары, өндірістік кәсіпорындар, қызмет көрсету орындары және басқа да кәсіпкерлік субъектілері өздеріне тиесілі немесе заңды негізде пайдаланатын аумақтарды таза әрі тиісті жағдайда ұстауға жауапты.

«Іргелес аумақ» ұғымы нақтыланды

Жаңа Үлгілік қағидалардағы кәсіпкерлер үшін маңызды нормалардың бірі – «іргелес аумақ» ұғымының нақтылануы.

Қағидаларға сәйкес, іргелес аумақ – ғимарат, құрылыс, қоршау, құрылыс алаңы, сауда немесе жарнама объектісі, сондай-ақ заңды немесе жеке тұлғалардың меншігіндегі, иелігіндегі, жалдауындағы не балансындағы өзге де объектілердің шекараларына тікелей іргелес жатқан, периметрі бойынша 5 метр шегіндегі аумақ.

Бұл талап кәсіпкерлік нысандардың айналасын күтіп-ұстау мәселесін нақтылауға мүмкіндік береді. Дегенмен әрбір жағдайда жер учаскесіне қатысты меншік, пайдалану немесе жалдау құқығы, сондай-ақ азаматтық заңнама мен шарт талаптары ескерілуі қажет.

Кәсіпкерлік нысанның айналасы таза болуы тиіс

Кәсіпкерлік субъектілері өздеріне меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі аумақтарды абаттандыруға, күтіп-ұстауға және тиісті мақсатта пайдалануға жауапты.

Аумақты күтіп ұстау барысында санитариялық тазалыққа, эстетикалық жағдайға, қоқыстың жиналмауына және абаттандыру элементтерінің сақталуына ерекше мән берген жөн.

Нысанның кіреберісі, ғимараттың сыртқы келбеті, қоршауы, жаяу жүргіншілер жолы мен оған іргелес аумақтың жинақылығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастырудың маңызды бөлігі болып табылады.

Қалдықтарды белгіленбеген жерге тастауға жол берілмейді

Қаланың санитариялық тазалығын қамтамасыз етудегі өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық және өзге де қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығару.

Кәсіпкерлер өз қызметі барысында пайда болатын қалдықтарды жинау және шығару жұмыстарын белгіленген тәртіппен ұйымдастыруы қажет. Құрылыс және басқа да арнайы қалдықтарды тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге тастауға болмайды.

Әрбір кәсіпкер өз нысанының айналасында тазалық сақталуына және қалдықтардың тиісті тәртіппен шығарылуына жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Қыс мезгілінде қауіпсіздікке басымдық берілуі керек

Қысқы кезеңде кәсіпкерлік нысандардың кіреберістері мен жаяу жүргіншілер жүретін аумақтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.

Қар мен мұзды уақытылы тазалау, тайғақ учаскелерді ретке келтіру және адамдардың еркін қозғалысына кедергі келтіретін жағдайларға жол бермеу – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды талаптарының бірі.

Ал көктемгі-жазғы кезеңде санитариялық тазалықты сақтау, көгалдандырылған аумақтарды күтіп-баптау және абаттандыру элементтерін тиісті жағдайда ұстау өзекті.

Ғимараттың сыртқы келбеті – қаланың көркі

Кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті Тараздың сәулеттік және эстетикалық бейнесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан ғимараттардың қасбеттерін, қоршауларды, кіреберістерді және басқа да сыртқы элементтерді таза әрі ұқыпты ұстау қажет.

Сауда және жарнама объектілерінің орналасуы да қолданыстағы талаптарға сәйкес болуы тиіс. Кәсіпкерлер өз нысандарының сыртқы жағдайын тұрақты бақылап, бүлінген немесе тозған элементтерді уақытылы қалпына келтіргені жөн.

Коммуналдық кәсіпорындардың да жауапкершілігі бар

Қаланың инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуі – абаттандырудың маңызды құрамдас бөлігі.

Коммуналдық кәсіпорындар өз жауапкершілік аймағындағы объектілерді күтіп-ұстау, тазалау және тиісті техникалық жағдайда сақтау жұмыстарын белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуі қажет.

Сонымен қатар Үлгілік қағидалар абаттандыру мәселесін тек кәсіпкерлердің міндеті ретінде қарастырмайды. Оған абаттандыруға қатысушылар, сондай-ақ өздеріне тиесілі аумақтарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар да атсалысады.

Абаттандыру – міндет қана емес, қала мәдениеті

Жаңа Үлгілік қағидалардың басты мақсаты – елді мекендерде қауіпсіз, жайлы, экологиялық қолайлы әрі тартымды қалалық орта қалыптастыру.

Сондықтан абаттандыру талаптарын сақтау тек бақылау немесе жауапкершілік шараларымен шектелмеуі керек. Бұл – әр кәсіпкердің өз нысанына, әр коммуналдық кәсіпорынның өз қызметіне және әр тұрғынның туған қаласына деген жауапкершілігінің көрінісі.

Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі қала аумағында қызмет атқаратын барлық кәсіпкерлік субъектілерін жаңа Үлгілік қағидалардың талаптарымен танысып, өз нысандары мен оларға іргелес аумақтардың санитариялық және эстетикалық жағдайын қамтамасыз етуге шақырады.

Таза көше, жинақы кәсіпкерлік нысан, абаттандырылған аумақ – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қаланың негізі.

Таза әрі көрікті Тараз – баршамызға ортақ міндет!

Тараз қаласы әкімдігінің
кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм
бөлімінің басшысы Н. Әкек

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты