Контентке өту

Тоқаев: Заң мен тәртіп ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс

Тоқаев: Заң мен тәртіп ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс
ашық дерек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық және қоғамдық жаңғырулардың маңызына тоқталып, заң мен тәртіп қағидатын қоғам өмірінің басты құндылықтарының біріне айналдыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің сөзінше, соңғы жылдары Қазақстан ауқымды реформалар кезеңіне қадам басып, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру бағытында маңызды жұмыстар атқаруда.

– Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе жастарға заңды құрметтеу мен оған бағынудың маңызын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент заңды қадірлеу мен қоғамдық тәртіпті сақтау әр адамның қауіпсіз әрі жарқын өмір сүруінің негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституцияда осы қағидаттардың нақты көрініс тапқанын айтты.

- Қазақстанның Бас құжаты – барлық азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның берік тұғыры. Адам және оның өмірі – Ата заңымыздың өзегіне айналған басты құндылық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің негізгі міндеттері ретінде белгіленгенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы барлық реформалар халықтың сұранысы мен қоғамның қолдауына сүйене отырып жүзеге асырылуда.

- Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа халықтың қалауымен және жұртшылықтың тікелей қолдауымен іске асады. Әрине, мұның барлығы бір күнде жүзеге аспайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайту елдің тұрақты дамуы мен әділетті қоғам қалыптастырудың басты кепілі екенін атап өтті.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты