Қазақстандық әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарына тосын мәлімдеме жасап, жақын арада маңызды жаңалықпен бөлісетінін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі соңғы уақытта өзін қолға алып, ауқымды бір шаруаны аяқтағанын жеткізді. Сондай-ақ алдағы жаздың өзі үшін ерекше әрі қызықты өтетінін атап өтті.
«Еріншектігім мен еркелігім басым болса да, өзімді қолға алып, үлкен шаруаны реттеп қойдым. Осы жаз ерекше қызықты болайын деп тұр мен үшін. Жақында біраз құпияның басын ашамын. Күтесіздер ме?» – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары әншінің бұл жазбасынан кейін түрлі болжам жасап, оның қандай жаңалық айтатынын талқылай бастады. Оқырмандардың бір бөлігі жаңа ән немесе шығармашылық жоба болуы мүмкін деп топшыласа, енді бірі отбасылық өміріне қатысты қуанышты жаңалық күтіп отырғандарын жазды.
Әзірге Ерке Есмахан қандай құпияны меңзеп отырғанын нақтылаған жоқ. Дегенмен өнер иесінің жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, тыңдармандарының қызығушылығын арттырды.