Желіде қазақстандық режиссер Ернар Нұрғалиевтің KeshYou тобының 20 жылдығына арналған деректі фильмде айтқан сөздері қоғамда қызу талқыланып, сынға ұшырады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Биыл KeshYou тобының құрылғанына 20 жыл толуына орай BM Production YouTube арнасында екі бөлімнен тұратын деректі фильм жариялаған. Фильмде топтың құрылу тарихы, алғашқы қадамдары, ұжым ішіндегі бәсеке, қызғаныш, түрлі драмалық жағдайлар мен бұрын айтылмаған деректер қамтылған.
Сұхбат барысында Ернар Нұрғалиев өзіне топтың жаңа құрамындағы қыздарды “жұлдызға айналдыру” тапсырмасы берілгенін айтып, сол мақсатта түрлі тәсілдер қолданғанын жеткізді. Оның сөзінше, жұмыс барысында қатал талап қойып, тіпті қорқыту элементтеріне дейін барған.
“Маған қыздарды жұлдыз қылу тапсырылды. Баян ханым өзі тапсырды. Сондықтан, оларға боқтап, айғайлап үйретуге тура келді...”, – деді ол.
Режиссердің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында теріс пікір тудырды. Көпшілік оның айтқан әдістерін орынсыз әрі қабылдауға келмейтін әрекет деп бағалаған.
Пікір қалдырғандардың бірі бұл жағдайды “үнсіз үрей” деп атап, мұндай сөздердің ашық айтылуына наразылық білдірді. Ол фильм авторларын да сынға алып, жауапкершілік мәселесін көтерген.
Желі қолданушыларының басым бөлігі режиссердің сөздеріне таңданыс білдіріп, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екенін жазды.
“Бұл қалайша мүмкін? Мұндай сөздерді айтуға болмайды”,
“Түсірілімде ең маңыздысы – адамдардың қауіпсіздігі мен құрметі”,
“Бұл жерінде шошып кеттім”, – деп жазды олар.
Қазіргі таңда аталған жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Ал фильм авторлары мен қатысушылар тарапынан ресми түсініктеме берілген-берілмегені белгісіз.