Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты орын алды
Ақтөбенің Покровка – Жаңажол тасжолында жол апаты болып, 4 адам көз жұмды.
Покровка – Жаңажол автожолының 75-шақырымында орын алған жол апаты салдарынан төрт адам мерт болды.
«Темір қаласынан Кеңқияқ ауылы бағытында келе жатқан ВАЗ-2113 автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кетіп, Мұғалжар ауданының 50 жастағы тұрғынының басқаруындағы КамАЗ көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2113 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар жеңіл автокөліктің тағы бір жолаушысы Кеңқияқ ауылының ауруханасына жатқызылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Самара-Шымкент тасжолында жантүршігерлік жол апаты болып, онда алты адам көз жұмған болатын. Ол кезде «Хонда-Фит» маркалы автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі жолда қарсы бетке шыққан. Рульде Қырғызстан Республикасының азаматы болды. Салдарынан Ырғыз ауданының 33 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан «Лада-Ларгус» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Лада-Ларгус» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, «Хонда-Фит» автокөлігінің жолаушысы мерт болды. «Хонда-Фит» автокөлігінің жүргізушісі 30 жастағы жолаушымен бірге түрлі жарақатпен Ырғыз аудандық ауруханасына жатқызылды .
Келесі мақала