5 минутта ұйықтап қалуға көмектесетін жаттығу
Ұйқысыздық та аурудың бір түрі. Түні бойы ұйықтай алмау созылмалы түріне айналатын болса, қауіпті болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жас талғайтын ауру түрі жоқ. Сол секілді ұйқысыздық та жасарған мазасыздықтардың бірі. Түні бойы дөңбекшіп, жастық құшақтап шықпауға арнайы жаттығулар немесе әдіс-тәсілдер арқылы қол жеткізуге болады. Әсіресе дамыған Қытай елінде биологиялық белсенді нүктелерге әсер етіп, сол жерлерге нүктелі массаж жасауды ұсынады. Сонда ұйқысыздық мазаламай, барлық уайым артта қалады деп сендіреді. Мәселен, екі қастың ортасын 30 секунд бойы саусағыңызбен басып тұрсаңыз, сондай-ақ, құлақ қалқанына сағат тіліне орай массаж жасасаңыз тез ұйықтап қалуға болады екен. Сонымен қатар, мынадай оңай жаттығулар да адамды ұйқысыздықтан арылтып, бойды сергек ұстауға септігін тигізеді. Шалқаңыздан жатып, көзіңізді жұмыңыз. Денені босаңсытып, терең тыныс алу керек. Сосын аяғыңыздың басынан бастап, бүкіл денеңізді көзбен шолып өтіңіз. Осы жаттығуды 5 минуттай қайталасаңыз, қалай қорылдап кеткеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз. 1-жаттығу Бастапқы қалып – шалқалап жату. Денені бос ұстап, иекті көкірекке қарай созады. Сонда мойын омыртқаға ауырлық түскенін сезінесіз. Содан соң тізені бүгіп, қолыңызбен құшақтайсыз да, көкірекке қарай тартасыз. Осы қалыпта бір секундтай тұрып қалыңыз. Сосын бірнеше рет демді ішке тартып, қайта шығарып жаттығу жасайсыз. 2-жаттығу Алдыңғы жаттығудағыдай қалыппен жатып, оң аяқты созасыз да, сол аяқты бүгіп, көкірекке қолдың көмегімен тартасыз. Осы қалыппен 5 рет тыныс алып, демді шығару жаттығуын жасау керек. Жаттығуды екінші аяқпен жалғастырады. 3-жаттығу Енді шалқаңыздан жатып, оң аяқты бүгесіз де, солға қарай қисайтасыз. Болмаса жай ғана өкшені сол аяқтың тізесіне қойсаңыз болғаны. Аяқты осылайша бұру жаттығуын жасаған уақытта тағы да 5 рет тыныс алып, демді шығару жаттығуы жасалады. Сосын жаттығуды екінші аяқпен жасайсыз. 4-жаттығу Кілемнің үстіне отырып, аяқтың арасын барынша ашасыз. Арқаны тік ұстап, екі қолдың бірін екі аяқтың арасына, бірін арт жаққа қою керек. Оң жаққа қарап, 5 рет тыныс алып, демді шығару жаттығуын жасайсыз. Артынша жаттығуды сол жаққа қарап отырып жасаған дұрыс. 5-жаттығу Отырған бойда тізені бүгіп, кеудеге жақындатыңыз. Сөйтіп, санды екі қолмен құшақтап, алға қарай еңкейесіз. Жаттығу барысында арқа омыртқасын қисайтуға болмайды. Содан соң аяқты соза бастайсыз. Бірақ қолмен қарсылық танытып отыру керек. Аталмыш жаттығулар омыртқаға еш зиянын тигізбейді. Керісінше бұлшықеттерді шынықтырып, сергітеді. Қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Жаттығулар ағзаға осылай әсер еткеннен кейін тез ұйықтап қаласыз. Ұйқысыздықтың алдын алу үшін не істеу керек? Ең алдымен тұзды тағамдардан бас тартыңыз; Ас мәзірінен сергітетін сусындарды, майлы тағамдарды алып тастаңыз; Ұйықтар алдында көңіл күйіңізге әсер ететін әңгімеден қашыңыз; Сонымен қатар, әсерлі киноларды көрудің де қажеті жоқ; Жатарда ноутбук алдында отырмауға тырысыңыз; Күндіз ұйықтамаңыз; Стрестік жағдайлардан аулақ жүріп, салауатты өмір салтын ұстанғаныңыз.
Дереккөз: http://ernur.kz/fitnes/5-minutta-uiyktap-kalugha-komektesetin-zhattyghu