Бүгін актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Жақсыгенді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Іс актердің бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызымен арадағы дауға байланысты қаралды. Айыптау тарапы Нұрсұлтан Жақсыгеннің әлеуметтік желіде бұрынғы жұбайына қатысты таратылған ақпарат арқылы оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргенін алға тартқан.
Ал Нұрсұлтан Жақсыген бұған дейін кейбір даулы жазбалардың өзіне қатысы жоқ екенін айтып, оның атынан жалған парақшалар ашылғанын мәлімдеген.
Сот процесінің соңғы отырыстары жабық форматта өтті.
Осылайша сот Нұрсұлтан Жақсыгенге 2 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкімнің заңды күшіне енген-енбегені және тараптардың апелляциялық шағым түсіретіні туралы ақпарат нақтыланған жағдайда қосымша хабарланады.