Әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі, журналист Назира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Журналист өз жазбасында әйел адам опасыздықты кешіруге міндетті емес екенін айтып, неке адалдығын отбасының басты құндылықтарының бірі ретінде бағалайтынын жеткізді.
«Өз құнын білетін, өзін-өзі бағалайтын, шекарасы анық, отбасын, неке адалдығын құнды дүнием, бақытымның өзегі деп қарайтын әйелдер “опасыздықты” кешірмейді.
Олар 60, 70, 80 жаста болса да неке адалдығын бұзған адаммен бір шаңырақта тұрмайды. Олар ертең өлетін болып тұрса, ал бүгін сыңары көзіне шөп салса, бүгін ажырасады. Өмірінің соңғы күні болса да. Олар өзін ешкімнің қор қылуына жол бермейді.
Қош бол, көңілдес іздеуден басқа өмірден мән таба алмаған адам!», — деп жазды Назира Байырбекова.
Сондай-ақ журналист жазда ескі жер үй сатып алып, күйеуіне тосынсый жасау үшін оны жөндеуден өткізгенін айтты. Оның сөзінше, сол уақытта балаларымен бірге болып, үйдің жөндеу жұмыстарына да белсенді араласқан.
«Мынау менің жазда ескі жер үй алып, соны ремонттатып, күйеуім келгенше сюрприз жасап, үйді жарқыратып қояйыншы деп шаң-шаң боп жүрген кезім. Ауыр жұмыс істесем де, оның ауыртпалығын жеңіл көтеруге тырысатын адаммын», — деді ол.
Назира Байырбекованың бұл жазбасы оның отбасылық өміріне қатысты әлеуметтік желідегі талқылаулардан кейін жарияланғаны байқалады. Алайда журналист жазбасында нақты кімге немесе қандай жағдайға қатысты айтып отырғанын толық түсіндірмеген.