Жаңалықтар
«АрселорМиттал Теміртаудың» мемлекетпен жасаған келісімшарт мәтіні жалпыға жарияланады
- author BAQ-Orda
- 10 қараша, 2023
- 63
«АрселорМиттал Теміртаудың» мемлекетпен жасаған келісімшарт мәтіні жалпыға жарияланады
Қазақстан аумағында қатты пайдалы қазба кеніштерін игеруші ERG, «Қазақмыс», «АрселорМиттал Теміртау» сияқты алпауыт компаниялардың мемлекетпен жасаған инвестициялық келісімшарттары жалпыға қолжетімді етіп жарияланады, деп хабарлайды БақОрда Kazinform. сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вивце-министрі Иран Шархан Әділет министрлігінде өтіп жатқан ведомствоаралық комиссия отырысы кезінде айтты. «Қазір қоғамда бұрынғы Қарағанды металлургия комбинаты Л.Митталдың қолына қалай өткені туралы даулы пікір көп. Сарапшылар осындай инвестициялық келісімшарттар жария түрде бекітілуі керектігін айтып жүр. Заңнамаға осы тұрғыда өзгеріс енгізесіздер ме?», - деп сұрады журналист вице-министрден. Министр орынбасарының сөзінше, заңнамадағы бұл өзгеріс күшіне енгенше біраз уақыт керек.«Бізде қазір халықаралық бастама бар. Сол бастамаға біз де қосылдық. Бүкіл лицензиялардың, келісімшарттардың шарты біздің министрлік сайтында жарияланады. Кез келген адам онымен танысатын мүмкіндік болады. Осыған дейін қол қойылған шарттардың мәтіні де жарияланады. Сіз айтып отырған «АрселорМиттал Теміртаудың» да, кез келген жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары жарияланады», - деді ол.
«Біз бұл жұмысты бастап кеттік. Лицензиялар сайтымызда жарияланды да. Ал инвестициялық келісімшарттардың мәтіндерімен жұмыс істеп жатырмыз. Осы жылдың аяғына дейін келісімшарттардың жартысын жариялап боламыз. Келесі жылдың ортасына дейін қалғанының бәрін тіркеп боламыз. Мен мұнай саласын айтпай-ақ қояйын, тек қана қатты қазбалар бойынша айтып тұрмын. «Қазақмыс, «ERG, «Арселор» сияқты кәсіпорындардың келісімшарттарының мәтіні жарияланады», - деді Иран Шархан.