Тараздық оқушы бүкіл полицияны аяғынан тік тұрғызды
Таразда 11 жастағы бала әзілдеймін деп, әпкесінің телефонынан полицияға қоңырау шалып, лаңкестердің мектепке шабуыл жасағаны туралы хабарлаған.
ІІМ мәліметінше, қоңырау түскен бойда барлық шұғыл қызметтер көрсетілген мекенжайға тез арада жетті. Оқу орнынан 750 адам эвакуацияланды. Полиция қызметкерлері бүкіл ғимаратты және оған іргелес аумақты толық тексерді.
“Тексеру нәтижесінде қандай да бір заттар мен бөгде адамдар анықталған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында тәртіп сақшылары бұрын осы мектепте оқыған кәмелетке толмаған баланы анықтады. Психологтың, ата-анасының және мұғалімнің қатысуымен жүргізілген әңгімелесуде кәмелетке толмаған бала әпкесінің ұялы телефонынан қоңырау шалып, қалжыңдамақ болғанын жеткізген”, – дейді полицейлер.Осы факті бойынша ҚК-нің 273-бабы – “Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Елімізде терроризм актісі туралы жалған хабарламалар таратқаны үшін жаза қатаң. Бұл бес мың АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы. Егер қылмысты кәмелетке толмаған бала жасаса, жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі.