Жаңалықтар
Есірткі сатқандар өмір бойына бостандығынан айырылуы мүмкін
- author BAQ-Orda
- 11 желтоқсан, 2023
- 62
Есірткі сатқандар өмір бойына бостандығынан айырылуы мүмкін
Биыл елімізде есірткі жасырғаны үшін 6 жасөспірім сотталып, тағы 26 жасөспірім жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, – деп хабарлайды Бақ-орда Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдымен ведомство басшысы есірткі қылмысы үшін жазаны күшейту қарастырылып отырғанын жеткізді.
“Синтетикалық есірткіні өндіруге байланысты қауіп-қатерді ескеріп, есірткі зертханаларын ұйымдастырғаны үшін жазаны күшейту туралы заңнамаға түзетулер әзірленді. Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар есірткіні өткізу үшін бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені, қайта өңдегені үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 4-бөлігі бойынша дәрежеленетін болады”, – деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Сондай-ақ, Ержан Сәденов есірткі қылмысымен айналысқан қанша бала жауапқа тартылғанын айтты.
“Қоғамда есірткі жасырушыларды, яғни “закладчиктер” үшін жазалаудың тым қатаңдығы туралы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл жастар мен жасөспірімдерді осы салаға белсенді тартуға байланысты. Шынымен, есірткі өткізушінің “портреті” өзгерген. Олар үшін интернет технологияны белсенді пайдалану – үйреншікті жағдай. Есірткі таратушылар қатарына олар жеңіл ақша табуды көздеп, төмен құқықтық сауат, мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік салдарынан түседі. Бүгінде 6 кәмелетке толмаған сотталды. Тағы 26 жасөспірім жауапкершілікке тартылып жатыр”, – деді ол.
Министрдің сөзінше, есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікке ілінген балалар үшін жазаны жеңілдету қарастылып жатыр.
“Мұнда да келесі түзетулер әзірледік. Егер қылмыс бірінші рет жасалса, сондай-ақ, кінәлі тергеу органдарымен белсенді жұмыс істесе, есірткі өткізушілерді жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылады. Мүмкіндікті пайдаланып, Мәжіліс депутаттарын осы түзетулерді қолданыстағы заң жобасы аясында қарастыруды сұраймын”, – деп сөзін түйіндеді Ержан Сәденов.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/96601/