Сақтандыру нарығы өсімінің негізгі факторы жеңілдетілген автонесие және ипотекалық несиелендірудің мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру екені белгілі. Сонымен қатар саланы цифрландыру үрдісі де жанама түрде дамуға әсер етті. Қазір сақтандыру нарығында цифрландыруды дамытудың 3 бағыты бар: «Insurtech», «Regtech» және «Suptech». Егер «RegTech» және «SupTech» қадағалау мен реттеуді цифрландыруға қатысты болса және оны негізінен сақтандыру ұйымдары сезінсе, онда «Insurtech» тұтынушы мен сақтандырушы арасындағы тікелей қарым-қатынасты цифрландыруға бағытталған.
Сақтандыру нарығында 25 компания бар. Олардың 90 пайызына үйден шықпай-ақ онлайн сақтандыру полистерін ұсынуға мүмкіндік берілген. Автокөлікті, пәтерді, өмірді, саяхатты немесе медициналық сақтандыру болсын, кез келген полисті онлайн тіркеу қазір бірнеше минутты алады. Ал қашықтан төлегеннен кейін сатып алушының электрондық поштасына құжат жіберіледі.
Биылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастаған цифрлық инновациялардың бірі жазатайым оқиғадан кейін сақтандыру төлемін жылдам алу құралы – Еурохаттама болды. Оның көмегімен жол-көлік оқиғасына қатысушылар енді полиция шақырмай-ақ, сондай-ақ сот органдарының қатысуынсыз жазатайым оқиғаны реттей алады. Еуропалық хаттаманы мына жағдайларда қолдануға мүмкіндік бар:
ЖКО қатысушылары жарамды сақтандыру полисі бар 2 жүргізуші болса;
Жазатайым оқиғадан келтірілген залал мөлшері 100 АЕК-тен аспаса (369 200 теңге);
Жазатайым оқиғаға қатысушылар кімнің кінәлі, кімнің жәбірленуші екенін өз бетінше анықтап, келіссе;
Жазатайым оқиға үшінші тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірмесе.
Қазақстандағы барлық жол-көлік оқиғасының 40 пайызға жуығында келтірілген залал мөлшері 100 АЕК-тен (369 200 теңге) аспайды, сондықтан бұл механизм көптеген көлік иесіне жеңіл жазатайым оқиғаларды тіркеуді жеңілдетеді.
Жаңа қызметтің тағы бір артықшылығы – көлік кептелісін азайту. Енді полиция қызметкерлерін күтудің қажеті жоқ. Мәселенің бәрін өзіңіз шеше аласыз.
Сондай-ақ сақтандыру компаниясы жол-көлік оқиғасының әрбір қатысушысына (жыл сайын 200 мыңнан астам жүргізуші жол-көлік оқиғасына ұшырайды) сақтандыру өтемақысын қағазбастылыққа ұрынбай және жылдам алу мүмкіндігін беруді көздейді. Бұл сақтандыру төлемдерін реттеу үдерістерін цифрландыру арқылы ғана мүмкін болды.
Биыл сақтандыру компаниялары саланы цифрландыруды жалғастыруды жоспарлап отыр. Мысалы, «Freedom Insurance» ерікті автокөлікті сақтандыруды цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыра береді. Цифрландыру және жасанды интеллектті пайдалану «Freedom Finance»-қа өткен жылы сату көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік берді. 2023 жылы компания активтерін 100 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты (2022 жылдың соңында – 33,65 миллиард теңге). Жыл ішінде меншікті капитал 5,27 миллиардтан 20 миллиардқа дейін өсті. Компанияның сатылымы бір жылда екі есе көбейді: 2023 жылдың 11 айының қорытындысымен олар 21,5 миллиард теңгені құрады.