"АЭС салу - экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім"- А. Қабиева
- author BAQ-Orda
- 13 қыркүйек, 2024
- 29
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Айгүл Қабиева ел ішінде АЭС құрылысына қатысты теріс пікір айтушылардың барын айтып, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін тілге тиек етті:
"АЭС туралы халық арасында әртүрлі пікір айтылып жүр, ел ішінде оның құрылысына күмән келтіріп жатқандар жоқ емес. Мәселен, зерделесек, атом электр станциясының құрылысы Қазақстанымыздың оңтүстік өңірлеріндегі энергия тапшылығын еңсеруге зор көмегін тигізеді екен. Қазіргі уақытта электр қуатының тапшылығы елдің оңтүстік аймақтарында қатты байқалады. Бүгінде бұл өңірлердегі электр қуатының тапшылығы солтүстіктен келетін ағынмен жабылуда. Еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының жаңа көздерін енгізбесе, тапшылық жыл сайын орта есеппен жылына 3%-ға өседі екен. Осыған байланысты атом электр стансасын салу экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім болып табылады деп ойлаймын. Сондай-ақ, жобаны іске асыру кезеңінде мыңдаған жұмыс орны құрылып, стансаның жұмысы кезінде біршама адам жұмыспен қамтылары сөзсіз. Бұған қоса, АЭС-тегі әрбір жұмыс салаларында көптеген жұмыс орындары ашылса, еңбек нарығына айтарлықтай оң әсер етеді деген сөз. Демек, тек АЭС ілеспе салаларында түп-тұқиянын жетік меңгеретін мамандарды қарастыру ғана зор міндет",-дейді Айгүл Қабиева.