Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырыс өтті
- author BAQ-Orda
- 31 қаңтар, 2025
- 1
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысып, ЕАЭО мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Шағын құрамдағы отырысқа Беларусь Республикасының премьер-министрі Роман Головченко, Қырғыз Республикасының премьер-министрі Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясының премьер-министрі Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің халықаралық диалог алаңы ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, қабылданған шешімдер интеграциялық процестердің дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко өз сөзінде, ЕАЭО елдерінің тығыз экономикалық қатынастар мен сауда айналымы арқылы біріктірілгенін айтты.
Қазіргі уақытта Одақтың жалпы ішкі өнімі тұрақты өсуді көрсетіп, 2024 жылы оның шамамен 4%-ға жететіні болжануда. 2030 жылға дейін Одақтың экономикалық процестерін дамытуға бағытталған бірлескен күш-жігер қажеттілігі атап өтілді.
Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығын арттыру мен инновациялық дамуын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жобаларды іске асырудың маңызды бағыттары талқыланды. Олардың ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, АӨК инфрақұрылымын кеңейту мәселелері ерекше назарға алынды.
Сондай-ақ, ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту бағыттары бойынша пікірталастар жүргізілді, бұл саладағы жұмысты жандандырудың қажеттілігі атап өтілді.