Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу»
«Баршаңызға Волонтерлер форумының ашылуы құтты болсын!
Бұл – шын мәнінде ерекше басқосу. Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп жатсыздар.
Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын.
Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз.
Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз.
Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайды, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек етеді.
Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды», - деді Мемлекет басшысы.