Қазақстан құрамасы шахмат олимпиадасына тусыз шықты
Қазақстан құрамасы Үндістанның Ченнаи қаласында өткен шахмат олимпиадасына тусыз барған. Бұл туралы шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова Facebook-те жазды. «Шахматтың отаны Үндістанда биыл алғаш рет 186 ұлттық құраманың шеруімен Олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. Бірақ онда 185 мемлекеттің жалауы болды. Неліктен 186 команда бола тұра, 185 ту деп сұрайтын шығарсыздар? Себебі ҚР құрамасының Олимпиадаға қатысуын ұйымдастыратын жауапты Қазақстан Шахмат федерациясы алдын ала қамданбаған, жалауды керек етпеген. 20 мың теңгені аяп, ҚШФ басшылығы Қазақстан құрамасын мемлекеттік тумен қамтамасыз етпей, бүкіл Қазақстан халқына құрмет көрсетпеді. Бәрін ұмытып кетуге болады, бірақ туды естен шығарғандарын кешіру мүмкін емес! Өйткені, ұлттық құраманы ұлттық құрама ететін де дәл осы – Ту! Ал бүгін бүкіл әлем Олимпиада ойындарында тусыз, Отаны жоқ қаңғыбас сияқты жүріп өткен біздің құраманы тамашалады! Ұят!» - деп мәлімдеді Таңжарықова Facebook-те. Ал бұл жағдайды Қазақстан шахмат федерациясы әлі түсіндіруге асығар емес.