Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында биылғы жылға арналған агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың негізгі тетіктері қаралды.
Отырысты ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Ержан Нұрбаев саланы дамытуда теңгерімді әрі жан-жақты тәсілдің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
«Жыл басынан бері аграрлық сектор оң үрдістермен қатар, назар аударуды талап ететін бірқатар жүйелі мәселелерді де көрсетіп отыр. Бүгінгі міндет – аралық қорытындыларды шығарып қана қоймай, ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған стратегиялық басымдықтарды айқындау. Сындарлы диалог орнап, нақты шешімдер қабылданады деп сенемін», — деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аграршылардың қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге және саланы технологиялық жаңғыртуды жеделдетуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруда.
Атап айтқанда, ерте қаржыландыру тетігі арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 6 млн гектардан астам алқапты қамти отырып, 500 млрд теңгеден астам сомаға жеңілдетілген несиелер берілді. Қарыз қаражаттарының қолжетімділігін арттыру мақсатында 225 млрд теңге көлемінде кредиттік кепілдіктер ұсынылды. Жалпы алғанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 750 млрд теңге қарастырылған.
Саланы техникалық қайта жарақтандыруға ерекше назар аударылып отыр. 2026 жылы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында 147 млрд теңгеге 3 700 бірлік техника жеткізуге келісімшарттар жасалды. Бұл шаралар еңбек өнімділігін арттыруға және сала өкілдерінің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында наурыз айынан бастап жылдық 6% мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» атты жаңа несиелік өнімдер іске қосылды. Олар асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға бағытталған.
Сонымен қатар, бордақылау алаңдарын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама жем-шөп, ветеринариялық препараттар мен қосалқы бөлшектерді сатып алуды қоса алғанда, ағымдағы шығындарды қаржыландыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатын толықтыру үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу тетігі іске асырылуда. Сондай-ақ элеваторлар мен астық сақтау қоймаларын салу және жаңғыртуға арналған жаңа қаржылық құрал енгізілді. «Кең дала» бағдарламасы үлгісі бойынша жылыжай кешендері мен бақ шаруашылықтарын қолдауды кеңейту, сондай-ақ балық шаруашылығы үшін айналым қаражатын несиелеуді енгізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар шикізат экспортын қысқартуға, терең өңдеуді дамытуға және ел ішінде жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, инвестициялық жобаларды іске асыру, қаржылық лизингті дамыту, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясындағы несиелеу шарттарын жетілдіру мәселелері қаралды.
«Өткен жылы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемін жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін 153 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Бұл жеңілдетілген несиелеу мен лизингтің жалпы көлемінің 15%-ын құрайды және мемлекеттік қолдау тетіктерінің жоғары тиімділігін көрсетеді. Сонымен қатар, қолдау алушылардың 90%-дан астамы – шағын және орта шаруашылықтар.
Әрине, бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысының және Үкіметтің кешенді қолдауының арқасы. Бұрын-соңды болмаған қаржыландыру көлемі қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп, аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға ықпал етуде», — деп атап өтті Ержан Нұрбаев.
Отырыс қорытындысында қаржылық құралдардың қолжетімділігін одан әрі арттыруға және елдің агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.