Алматыда 1 жас 2 айлық баланың бананға қақалып қалғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы баланың анасы Ләззат Исеева мен оған алғашқы көмек көрсеткен көршісі Данияр Бектанов мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Олардың айтуынша, сәби ешқандай тағамға қақалмаған. Кейін дәрігерлер балаға жоғары дене қызуының әсерінен болған фебрильді құрысу диагнозын қойған.
Оқиға кезінде баланың дене қызуы көтеріліп, тынысы тарылып, денесі көгеріп кеткен. Сол сәтте көршісі Данияр Бектанов көмекке келіп, жедел жәрдем жеткенше алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Данияр Бектановтың айтуынша, оқиға 6 маусым күні болған. Ол көршісінің көмек сұраған дауысын ести салысымен дереу баланың жанына жүгіріп барған.
«Алғашында сәби бір нәрсеге қақалып қалған шығар деп ойладым. Бірақ жағдайды көрген соң мәселенің әлдеқайда күрделі екенін түсіндім», – дейді ол.
Мамандардың түсіндіруінше, фебрильді құрысу көбіне 6 ай мен 5 жас аралығындағы балаларда дене қызуының күрт көтерілуі кезінде байқалады. Мұндай жағдайда бала есінен танып, денесі тартылып, қол-аяғы дірілдеуі немесе тыныс алуы қиындауы мүмкін.
Қазіргі таңда баланың жағдайы бақылауда екені хабарланды.