Танымал продюсер Баян Алагөзова Instagram парақшасында Ақтөбедегі өзін “емші” деп таныстыратын әйелге қатысты қатаң пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Продюсердің айтуынша, әлеуметтік желілер кейбір адамдарға шектен тыс еркіндік беріп, олар ойына келгенін жазатын болған.
“Ақтөбеде TikTok-та ақшаға бата беретін бір “емші” тұрады. Оның адамдарды емдеуге лицензиясы бар ма? Салық төлей ме? Бұл – бөлек әңгіме”, – деп жазды Баян Алагөзова.
Сонымен қатар ол бұл адамның ұзақ уақыт бойы тікелей эфирлерде өзін, журналист Динара Сәтжанды және басқа да азаматтарды қорлап жүргенін айтты.
Продюсердің сөзінше, аталған әйел өзі туралы жалған ақпарат таратып, мемлекеттен жобалары үшін ақша алады деген мәлімдемелер жасаған. Баян Алагөзова бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
“Бұл – жалған ақпарат. Заңның бірнеше бабын бұзу. Қазір бұл мәселемен менің заңгерлерім айналысып жатыр. Мені қорлауға және мен туралы жалған ақпарат таратуға жол бермеймін”, – деді ол.
Сондай-ақ Баян Алагөзова әлеуметтік желі арқылы хайп жасап, жалған мәлімет тарататын адамдар сот алдында жауап беретінін ескертті.