Forbes Women Kazakhstan еліміздегі ең бай әйелдердің алғашқы рейтингін ұсынды. Бұл туралы деректер Forbes Kazakhstan платформасында жарияланған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жаңа тізімге енген 25 әйелдің жалпы байлығы 8,1 миллиард долларды құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі мен инвестициялық әлеуеттің айтарлықтай өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Рейтингтің көшін 5,4 млрд доллар капиталымен Динара Құлыбаева бастады. Екінші орынға 650 млн доллармен Мұқадасхан Ибрагимова жайғасса, үшінші орынды 550 млн доллармен Дариға Назарбаева иеленді.
Сонымен қатар үздік бестіктен кейінгі қатарларда Анжела Сәрсенова, Айжан Есім және Айдан Сүлейменова бар.
Айта кетейік, бұл рейтинг 2026 жылғы 9 сәуірде жарияланып, Қазақстандағы ауқатты әйелдерге арналған алғашқы кешенді тізім ретінде бағаланып отыр. Бұған дейін 2025 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингінде Динара Құлыбаева 5,3 млрд доллармен төртінші орын алған еді. Ал жаңа деректер оның байлығының одан әрі артқанын көрсетеді.