Таяу Шығыстағы шиеленіс жағдайында Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуді тек «достас мемлекеттерге» рұқсат ету туралы шешім қабылдады. Бұл шешім аймақтағы әскери-саяси ахуалдың күрделене түскен кезеңінде қабылданып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдегендей, бұғаз арқылы Қытай, Ресей, Үндістан, Ирак және Пәкістан секілді елдердің кемелеріне еркін өтуге мүмкіндік берілген. Ал қарсылас мемлекеттермен байланысы бар кемелерге шектеу қойылады.
Ормуз бұғазы – әлемдік энергетика жүйесінің стратегиялық маңызды нүктелерінің бірі. Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі осы бағыт арқылы тасымалданады. Сондықтан бұғаздағы кез келген шектеу жаһандық нарыққа тікелей әсер етеді.
Соңғы апталарда Иран мен АҚШ-Израиль арасындағы әскери қақтығыстардың күшеюі бұғаздағы кеме қатынасына қауіп төндірді. Кей кезеңде теңіз қозғалысы күрт азайып, бұл мұнай мен газ жеткізілімінің тұрақтылығына алаңдаушылық туғызды.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те бұғаздың жабылуы әлемдік экономикаға, әсіресе ауыл шаруашылығы маусымына кері әсер ететінін айтып, оны ашық ұстауға шақырды.
Сарапшылардың пікірінше, Иранның бұл қадамы – толық оқшауланудан гөрі, таңдамалы экономикалық және саяси ықпал жүргізу стратегиясының көрінісі. Яғни, Тегеран өзіне қолайлы мемлекеттермен сауда байланысын сақтай отырып, геосаяси қысымды күшейтуді көздеп отыр.