Қазақстандық танымал «Кешью» қыздар тобының бұрынғы мүшесі Анель Аринова әріптесі Кәмшат Жолдыбаева туралы күтпеген мәлімдеме жасап, желіде қызу талқылауға себеп болды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әншінің айтуынша, Кәмшат топтан өз еркімен емес, концерт алдында аяқ астынан кетіп қалған.
«Кәмшат біз концертке шығар алдында кетіп қалды. Себебі өзінің мінезін көрсетті. Сондықтан оны алып тастады», – деді Анель Аринова.
Бұл пікір көпшілік үшін тосын жаңалық болды. Себебі бұған дейін Кәмшаттың топтан кету себебі нақты ашық айтылмаған еді.
Ал топтың тағы бір бұрынғы мүшесі Мөлдір Әуелбекова бұл жағдайға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Оның сөзінше, Кәмшаттың басты мақсаты – шетелде мансап құру болған.
«Голливудқа кетемін, сол жақты бағындырамын деп кеткенін естідім. Содан ақыры солай кетті. Біз Анель екеуміз де кейін кетіп қалдық», – деді ол.
Осылайша, «Кешью» тобынан кету себебі жайлы екі түрлі пікір айтылып отыр. Бірі – ішкі келіспеушілік пен мінезге байланысты болса, екіншісі – үлкен сахнаға, халықаралық деңгейге ұмтылыс.
Айта кетейік, Кешью – отандық шоу-бизнестегі ең танымал қыздар топтарының бірі. Топ құрамындағы өзгерістер әрдайым тыңдарман назарында болып келеді.
Қазіргі таңда бұл мәлімдемелер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, тыңдармандар арасында түрлі пікір туғызуда. Кейбірі Анельдің сөзін қолдаса, енді бірі Кәмшаттың жеке шығармашылық жолын таңдағанын дұрыс деп санайды.