Контентке өту

Өнерпаз өрендер олимпиададан олжалы оралды

Өнерпаз өрендер олимпиададан олжалы оралды

Жамбыл өңіріндегі жоғары білім ордаларының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті студенттері республикалық деңгейдегі беделді білім сайысында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Астана және Алматы қалаларында өткен XVIII республикалық пәндік олимпиадада олар бірнеше бағыт бойынша жүлделі орындарды иеленіп, өңір абыройын асқақтатты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Интеллектуалдық додада елдің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастар бақ сынады. Осындай тартысты бәсекеде университеттің «Театр режиссурасы және актерлік өнер» және «Хореография» мамандықтарының студенттері ерекше көзге түсті. Сахна өнеріне қатысты бірнеше номинация бойынша қатысушылар өздерінің кәсіби деңгейін дәлелдеп, үздіктер қатарынан көрінді.

Атап айтқанда, «Сахна қозғалысы» және «Сахна сайысы» пәндері аясындағы «Пластикалық қойылым» номинациясында «Маугли» қойылымын ұсынған студенттер ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Сонымен қатар режиссура бағыты бойынша қатысқан студенттің тың шығармашылық шешімдері жоғары бағаланып, ІІ орынмен марапатталды. Ал драмалық шығармалардан монолог орындау сайысында тағы бір студент ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді.

Би өнері бойынша да жетістік бар. «Хореография» білім беру бағдарламасының «Томирис» командасы үйлесімді қимыл, сахналық мәдениет және орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сонымен бірге «Мәдени-тынығу жұмысы» бағыты бойынша ұсынылған ғылыми жоба да қазылар тарапынан жоғары бағаланып, университеттің «Өнер лабораториясы» командасы ІІІ орынға лайық деп танылды.

Олимпиада тек студенттер үшін ғана емес, олардың ұстаздары үшін де маңызды алаң болды. Университет оқытушысы Айгүл Қабиқызы жас таланттарды дайындаудағы еңбегі үшін арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Жалпы, бұл жетістіктер – жүйелі дайындық пен шығармашылық ізденістің нәтижесі. Жамбылдық жастардың өнер мен білім бәйгесінде осындай табысқа жетуі өңірдегі мәдени және зияткерлік әлеуеттің жоғары екенін көрсетеді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты