2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан цифрлық экономикада маңызды межеден өтіп, технологиялардың таза экспорттаушы елдерінің қатарына қосылды. Қазақстан Ұлттық Банкі деректеріне сәйкес, отандық IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш елдің цифрлық өнімдері мен шешімдерінің халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті екенін айқын дәлелдейді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аталған нәтижеге сәйкес, Қазақстанның IT-экспорты шетелдік цифрлық қызметтер импортына жұмсалатын шығындардан 2,6 еседен астам асып түсті. Бұл – елдің технологиялық тәуелсіздігі күшейіп, цифрлық сектордың тұрақты дамып келе жатқанын білдіреді.
Қазіргі таңда қазақстандық IT-шешімдер әлемнің 110-нан астам елінде сұранысқа ие. Бұл – елдегі цифрлық экожүйенің қалыптасып, халықаралық деңгейде мойындала бастағанының айқын көрінісі. Ендігі негізгі мақсат – отандық өнімдерді жаһандық қосылған құн тізбегіне енгізу және халықаралық хабтар арқылы ықпалын арттыру.
Бұл бағыттағы басты драйвердің бірі – Astana Hub халықаралық технопаркі. Оның резиденттері 2025 жылы 633 млн АҚШ доллары көлемінде экспорт жасап, елдің IT-экспортының едәуір бөлігін қамтамасыз етті. Қазіргі таңда хаб құрамында 537 компания шетелдік нарықтарда жұмыс істейді. Олардың өнімдері Германия, Испания, Нидерланды және БАӘ сияқты елдерге экспортталуда.
Сонымен қатар, цифрлық экожүйе аясында 32,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Ал e-residency бағдарламасы арқылы 6 мыңнан астам шетелдік маман Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымына қол жеткізді.
Қазақстанның халықаралық қатысуы да қарқынды дамып келеді. Пало-Альто, Шанхай және Дубай қалаларындағы инновациялық хабтар арқылы елдің технологиялық әлеуеті кеңейіп отыр. Жаңа бағыт ретінде Оңтүстік-Шығыс Азия нарығы таңдалды. CEVF 2026 форумында Astana Hub, IT Park Uzbekistan және Big Sky Capital арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Бұл серіктестік аясында Малайзияда жаңа технологиялық хаб ашу жоспарланып отыр. Ол қазақстандық стартаптардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашатын маңызды алаң болмақ.
Сондай-ақ, Silkway Accelerator және Hero Training секілді бағдарламалар жергілікті стартаптарды дамытып, оларды экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнімдерге айналдыруды жалғастыруда.
Жалпы алғанда, 1 млрд долларлық меже – Қазақстанның цифрлық секторындағы жүйелі саясат пен тиімді қолдау шараларының нақты нәтижесі. Ендігі міндет – осы өсімді сақтап, IT-қызметтер экспортын одан әрі ұлғайту.