Қазақстандық блогер Дастан Мухамедрахим (@bydastann) халықаралық деңгейдегі ірі жобаға қатысып, ел намысын әлемдік инфлюенсерлер қатарында қорғады. Ол жаңа Spider-Man фильмінің тизерін алғашқылардың бірі болып бөлісуге мүмкіндік алған қатысушылардың бірі атанды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл - әсіресе отандық әлеуметтік желі кеңістігі үшін сирек кездесетін жағдай, өйткені мұндай деңгейдегі Marvel жобаларына қатысу үлкен сенім мен ықпалды талап етеді.
Жоба бастамасы туралы актер Том Холланд өзінің Instagram парақшасында айтып өтті. Оның сөзінше, тіпті Өрмекші адам да жалғыз өзі бәріне үлгере алмайды. Сондықтан көрермендерге «күннің соңынан ілесу» ұсынылады — дәл осы тәсіл арқылы әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлер бірігіп, #SpiderManBrandNewDay трейлерін кезең-кезеңімен жариялап жатыр.
Кампания бұған дейін Лима, Мехико және Лас-Вегас қалаларын қамтып, франшиза жанкүйерлерін бір онлайн оқиғаға біріктірді. Жоба ауқымын кеңейтіп, қатысушылардың жарияланымдары уақытқа созылған цифрлық премьера іспеттес ерекше формат қалыптастырып отыр.
Айта кетейік, «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі 2026 жылдың 30 шілдесінде прокатқа шығады. Бұл — Том Холланд ойнаған Өрмекші адам туралы төртінші фильм және Marvel киновселесіндегі оның жетінші рет көрінуі болмақ.