Тараз қаласында кәмелетке толмаған қыздың қайғылы қазасы тіркелді. Оқиға 9 маусымнан 10 маусымға қараған түні болған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірім қыз бен оның інісінің арасында жеке заттарға байланысты жанжал туындаған. Кейін сөзге келген балалардың арасындағы кикілжің төбелеске ұласқан.
Оқиға барысында қыздың інісі жеңіл жарақат алған. Дерек бойынша, баланың маңдай тұсында жеңіл жарақат болған.
Туыстарының айтуынша, анасы балаларды ажыратып, қызды бөлмесіне жіберген. Кейін жақындары оны сабырға шақыруға тырысқанымен, жасөспірімнің қатты күйзеліске түскені айтылуда.
Арада біраз уақыт өткен соң қызды ауладағы жуынатын бөлмеден өмір белгілерінсіз тапқан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Құзырлы органдар қайғылы жағдайдың нақты себептері мен мән-жайын тергеу нәтижесі бойынша хабарлайтын болады.