Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Әділетті Қазақстан құру бағытындағы реформалар жалғасып жатқанын айтып, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда елде заң үстемдігіне негізделген, азаматтарға тең мүмкіндік беретін мемлекет қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
– Біз Заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енетінін атап өтті.
Президенттің сөзінше, бұл Қазақстанның саяси және құқықтық дамуы үшін тарихи маңызы бар кезең болмақ.
– Бірінші шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басады, – деді ол.
Мемлекет басшысы осы күні жаңа Конституцияға сәйкес бес конституциялық заңға қол қойғанын хабарлады.
Оның айтуынша, аталған заңдар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған.
– Бұл жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде түбегейлі жаңғырады деген сөз. Осы құқықтық реформалар елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөз соңында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әзірлеуге және оның нормаларын іске асыруға үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
Сондай-ақ әкімшілік әділет институтын одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі басқосуда әкімшілік әділет институтын нығайтуға қатысты маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, қолға алынған құқықтық реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және елдің тұрақты дамуына жаңа мүмкіндік береді.