Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Геннадий Шиповских Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сапар барысында сенатор облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобалар талқыланды.
Тараптар өңірдегі инвестициялық ахуал, инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, сондай-ақ тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Геннадий Шиповских Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған бастамалардың нәтижесіне оң бағасын беріп, өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Жамбыл облысына сапар барысында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлымен кездесу мүмкіндігі туды. Кездесу барысында елдегі реформалар мен өңірдің түрлі мәселелері талқыланды. Облыстың қарқынды дамып жатқанына куә болдық, – деді сенатор.
Кездесу соңында өңірдің одан әрі дамуына бағытталған бастамаларды бірлесіп қолдау және өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.